Мазмұнға өту

Ирак және Шам Ислам мемлекеті

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Ислам мемлекеті
араб.: الدولة الإسلامية
эмблема
Ислам мемлекетінің байрағы
Өзге атаулары:

Ирак және Шам Ислам мемлекеті,
ИШИМ, ИСИМ, ДАИШ

Негізін салушы:

Әбу Мұсғаб әз-Зарқауи

Тілдері:

араб тілі

Халифа:

Әбу Хафс әл-Хашеми әл-Қураши

Құрылған күні:

15 қазан 2006 жыл[1]

Бөлінді:

Әл-Қағида

Идеологиясы:

сәләфия-жиһадия, тәкфиршілік

Діні:

Ислам

Қарсыластары:

әлемнің 60 астам елі және бірқатар мемлекеттік емес ұйымдар

  1. «Ирак Ислам мемлекеті» құрылған күн

«Ислам мемлекеті» (ИМ; араб.: الدولة الإسلامية‎‎ [ʔadˈdawla(tu) (ʔa)lʔislaːˈmiːjja(tu)], транскрипция әд-Дәулә әл-Исламия), немесе Ирак және Шам Ислам мемлекеті (ИШИМ/ДАИШ) (داعش) — халықаралық[1] радикалды исламисттік сүнниттік[1][2][3][4] экстремистік[5] лаңкестік ұйым. 2013—2019 жылдары әлем елдері мойындамаған мемлекет ретінде Сирия мен Ирактың бірқатар аудандарын өз бақылауында ұстады.

«Ислам мемлекетінің» тарихы 2003 жылы АҚШ Саддам Хусейн басқарған Иракқа соғыс ашқан кезден бастау алады. 1990 жылдардан бастап Әл-Қағидамен (Аль-Каида) байланысы бар «Таухид және жиһад» жамағатының жетекшісі Әбу Мұсғаб әз-Зарқауи соғыс басталғаннан кейін бір жыл өткен соң әйгілі лаңкес Усама бен Ладенге серт беріп, Әл-Қағиданың Ирактағы бөлімшесін құрды. 2006 жылы әз-Зарқауи қаза тапқаннан кейін оның жақтастары бірқатар экстремистік топтармен бірігіп «Ирак Ислам мемлекетін» құрды. 2009 жылға қарай толығымен дерлік жойылған бұл топ 2010 жылы Әбу Бәкір әл-Бағдади басшы болып тағайындалғаннан кейін қалпына келе бастады.

2013 жылы әл-Бағдади Ирак пен Сирия аумағында «Ирак және Шам Ислам мемлекеті» құрылғанын жариялады. Әл-Қағида мен оның Сириядағы бөлімшесі — «Ән-Нұсра майданы» бұл әрекетті мақұлдаған жоқ. Екі топ арасындағы келіспеушілік ақыр соңында бұрынғы одақтастар арасындағы қақтығысқа әкелді.

2014 жылдың маусым айында Ирактың ірі қаласы Мосулды басып алған ИМ өзін «халифат» деп жариялап, топтың көсемі Әбу Бәкір әл-Бағдадиді «халифа» етіп сайлады. Бір кездері ИМ-нің қол астындағы Сирия мен Ирак мемлекеттерінің аймақтарында бірнеше миллион адам өмір сүрді. Бұдан басқа Ислам мемлекетіне Ливия, Нигерия, Ауғанстан және т. б. мемлекеттердегі шағын аудандар (уәлаяттар) бағынышты еді.

«Ислам мемлекеті» күшейіп тұрған кездері әлемдегі ең бай қарулы топқа айналды. Нағыз мемлекетке ұқсап баққан ИМ «Ислам динары» деп аталатын өз ақшасын да шығарды. Қаржының басты көзі — шикі мұнай мен мұнай өнімдерінің саудасы болды. Оған қоса ИМ адам ұрлау, банктерді тонау, бопсалау, салық жинау және құнды жәдігерлерді сату арқылы да біраз ақша тапты. ИМ әскерінің қатарында ондаған мың жауынгер соғысып, олардың арасында тек араб мемлекеттерінің тұрғындары ғана емес, Еуропа, Солтүстік Америка және Азия құрлықтарының бірқатар елінен келген сарбаздар болды. ИМ-нің содырлары заманауи қару-жарақты, оның ішінде танкілер мен құрышты техниканы да қолданды.

«Ислам мемлекетіне» тойтарыс беру үшін құрылған халықаралық коалицияның құрамына әлемнің көптеген мемлекеттері қосылды. БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне кіретін бес мемлекеттің төртеуі (АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Франция) ИМ-ге қарсы соғыс жариялады. Сонымен қатар «Ислам мемлекетіне» бірқатар мемлекеттік емес ұйымдар қарсы шықты. Одақтастардың күші басым болғанымен, олардың арасында түсініспеушілік пен араздық орнап, «Ислам мемлекеті» төндірген қауіпті біраз уақытқа дейін ауыздықтау мүмкін болмады.

Әлемнің көптеген елі «Ислам мемлекетін» лаңкестік ұйым ретінде мойындап, оған тыйым салды. 2015 жылдың 15 қазанында бұл мемлекеттердің қатарына Қазақстан да қосылды. БҰҰ-ның шешіміне сәйкес, ИМ-ге көмек көрсеткен тұлғалар санкция тізіміне енгізілетін болды.

2015 жылдан бастап «Ислам мемлекеті» қол астындағы көптеген аймақтардан айырыла бастады. Сирия және Ирак әскерилері Тикрит, Байджи, Синжар, Эр-Рамади, Эль-Фаллуджа, Мосул, Раққа (ұйымның штаб-пәтері), Дейр-әз-Заур секілді ірі елді мекендерді өз бақылауына қайтарды. 2017 жылдың қарашасында «Ислам мемлекетінің» Ирактағы соңғы қаласы — Рауаны ирактық әскерилер басып алды. 2019 жылдың наурыз айында Сирия аумағындағы ИМ-нің соңғы бекінісі — Бағуз Фауқани елді мекені АҚШ қолдаған «Сирия демократиялық күштерінің» қолына өтті. Сол жылдың қазан айында Сирияның Идлиб облысында АҚШ қарулы күштері ізіне түскен «халифа» Әбу Бәкір әл-Бағдади қаза тапты. Иран, Ирак, Ресей, Ұлыбритания және АҚШ елдерінің ресми өкілдері «Ислам мемлекетінің» жеңіліс тапқанын жариялады. Бұған қарамастан көп уақыт өтпей ИМ жаңа «халифа» қылып Әбу Ибраһим әл-Һашими әл-Құрашиды тағайындады.

Атауы және рәміздері

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Ешбір қосымшасыз «Ислам мемлекеті» атауы 2014 жылдың маусым айынан бастап қолданыла бастады.[6][7][8] Оның алдында бұл ұйым «Ирак Ислам мемлекеті» (қазан 2006 – сәуір 2013; араб.: دولة العراق الإسلامية‎, қысқаша: ИИМ), «Ирак және Шам Ислам мемлекеті» (сәуір 2013 — маусым 2014; араб.: الدولة الإسلامية في العراق والشام‎, қысқаша: ИШИМ) деп аталып келді. ИШИМ атауының басқа нұсқалары: «Ирак және Левант Ислам мемлекеті» (қысқаша: ИЛИМ) немесе «Ирак және Сирия Ислам мемлекеті» (қысқаша: ИСИМ). Кейбір қазақ тілді басылымдар орысша «Исламское государство Ирака и Леванта» атауына еліктеп, бұл ұйымды «Ирак және Леванта Ислам мемлекеті» деп атап жүр[9][10][11] (Левант сөзінің соңында «а» әрпі жоқ). Бірқатар саясаткерлер Ислам мемлекетін «Ислам» және «мемлекет» сөздерімен атауға қарсы шықты. БҰҰ-ның бас хатшысы (2007–2016) Пан Ги Мун бұл ұйымды ағылш. Un-Islamic Non-State («Ислами емес мемлекет емес») деп атауға шақырды.[12]

Шам аймағы.

Ұйым атауын басқа тілдерге аударғанда «Шам» (араб.: الشام‎) сөзінің мағынасын жеткізу қиынға түсті. «Шам» сөзін «Левант», «Үлкен Сирия», «Сирия» немесе «Дамаск» деп те аударуға болады. Мысалға қазақ тілінде «Шам шаһары» деп Дамаск қаласын атайды. «Шам» деп Араб халифатының заманында Жерорта теңізі мен Евфраттың, Кіші Азия мен Мысырдың арасындағы аймақты атаған. Термин XX ғасырдың екінші жартысында Ұлыбритания мен Франция бұл аймақта жаңа шекаралар сызып, ұлттық мемлекеттер пайда болғанға дейін қолданылып келді.[13]

Кейбір қазақ тілді басылымдарда «Ислам мемлекетін» атау үшін орыс тілінен енген ИГИЛ[14] (орыс. «Исламское государство Ирака и Леванта») және ИГИШ (орыс. «Исламское государство Ирака и Шама») аббревиатуралары қолданылады. Соңғы кездері Ислам мемлекетін атау үшін оның бұрынғы атауының арабша нұсқасындағы бірінші әріптерінен құралған ДАИШ (әд-Дәулә әл-Исламия фи-л-Ирақ уәш-Шам[15]араб.: داعش‎ ‎, [ˈdaːʕiʃ]) акронимі қолданыла бастады. ДАИШ аббревиатурасы негізінен арабтардың арасында кең таралған болатын, артынан оны Франция үкіметі ИМ ұйымын атау үшін ресми түрде бекітті. Ұлыбритания мен АҚШ мемлекеттерінің билік басындағылары да өз сөздерінде ДАИШ акронимін қолдана бастады. Бұның себебі — ДАИШ сөзінің жазылуы мен айтылуы араб тіліндегі «жаншып тастаушы» мағынасын беретін да’ис (араб.: داعس ‎) және даһис (араб.: داهس ‎) сөздеріне өте ұқсас.[16] ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің басшысы (2010–2015 жылдары) Нұртай Әбіқаев арнайы қызмет өкілдері ДАИШ атауын қолданып жүргенін айтып, «Ислам мемлекеті» атауын қолдамайтынын жеткізді.[17]

Негізінен «Ислам мемлекеті» деп Ислам дінін өзінің саяси институттарының идеологиялық негізі ретінде қабылдаған мемлекетті атайды. Әдетте бұл Исламның осы мемлекеттің ресми діні екенін және шариғаттың заң шығарудың бірден-бір қайнары екенін білдіреді.[18] Шынайы «Ислам мемлекетінің» адам қолынан шыққан заңмен жүруі мүмкін емес, тек қана шариғатқа сәйкес басқарылады.[19] Бұл адамдардың жоғары билігін (суверенитет) жариялаған Батыстың зайырлы демократиясына қарама-қайшы түсінік.[20] Қазіргі таңда халқының көп бөлігін мұсылмандар құрайтын 46 мемлекеттің тек 10 ғана конституцияларында өздерін «Ислам мемлекеті» деп жариялаған, ал олардың ішінде Құдайдың жоғары билігін бекіткен тек екі мемлекет бар — Иран және Пәкістан.[21]

ИМ байрағының суреті, Сен-Ромен-О-Мон-д’Ор, Франция.

Ислам мемлекетінің қазіргі байрағы 2007 жылдың қаңтар айында жарияланды, оның алдында бұл ұйымның ресми байрағы болған жоқ. Мұхаммед пайғамбардың ﷺ заманында таралған бірнеше байрақтың ең кең таралғаны қара түстісі екенін алға тартқан ИМ осы түсті таңдаған. Қара түсті байрақтың үстіңгі бөлігінде ақ түспен жазылған لا إله إلا الله, яғни «Аллаһтан басқа тәңір жоқ» сөздері орналасқан. Оның астында ақ түсті шеңбердің ішіне қара түспен محمد رسول الله, яғни «Мұхаммед Аллаһтың елшісі» сөздері жазылған. Бұл сөздер қолмен ұқыпсыз жазылған сияқты көрінгенімен, негізінде компьютермен жасалған.[22]

Алғышарттары

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Ислам мемлекеті туралы пікір таластырғандардың көбісі бұл ұйымның дүниеге келуіне 2003 жылы Иракқа басып кірген АҚШ бастаған коалицияның жіберген қателері себеп болды деп тұжырымдайды. Бірақ бұл елдегі әскери жиһадшылар ұйымының негізі көп жыл бұрын, Саддам Хусейн Иракты басқарып тұрған кезде қаланды деп айтуға болады. 1968 жылы билікті басып алған араб ұлтшылдарының «Баас» партиясы зайырлы идеологияны берік ұстанды, бірақ 1980 жылы Саддам Хусейн Иранға қарсы соғысты бастағаннан кейін бұл жағдай өзгеріске ұшырады. Иранға қарсы соғыс жиһад деп атала бастады[23].

Елдің ішкі «исламдануы» 1989 жылы «Баас» партиясының негізін салған Мишел Әфләқ қайтыс болғаннан кейін үдей түсті. Саддам Хусейн «Әфләқ Ислам дінін қабылдады» деп жариялады (тірі кезінде христиан дінін ұстанған Әфләқ исламданудың қарсыласы болған еді). Исламдану науқаны 1991 жылы Ирак Кувейтте жеңіліс тапқаннан кейін және оның артынан ұласқан шииттердің көтерілісінен кейін жандана түсті. Ирак үкіметі шариғат заңдарын енгізді: ұрлық жасағандардың қолдары шабылды, гомосексуалдар үй төбелерінен лақтырылды, жезөкшелердің бастары шабылды. Діни науқанның салдарынан үкімет пен елдегі шииттердің арасындағы қарым-қатынас нашарлап кетті, дінаралық шиеленіс пайда болды. Мешіттерге енгізілген Ирак әскери барлау қызметі өкілдерінің көбісі сәләфилікті ұстана бастады. Баасизмнен бас тартқан бұлар Ирактағы соғыс кезінде кейінірек «Ислам мемлекеті» ұйымына айналған Әл-Қағиданың осы елдегі бөлімшесіне қосылды. 2008—2010 жылдары Ирактағы Әл-Қағида жетекшілерінің көбісі қаза тапқанда бұрын барлау қызметінде офицер болып қызмет еткен топ мүшелері ғана бастарын аман сақтап қалды. Қажы Бәкір (шын есімі: Самир әл-Хлифауи) басқарған бұрынғы офицерлер «Ислам мемлекетінің» Сириядағы басқыншылығын жоспарлап, жиһадшылардың 2014 жылы Иракқа басып кіруіне ыңғайлы алаң дайындады[23].

Негізінің қалануы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
«Бұл сенің болашағың, Зарқауи!» — карикатура.

«Ислам мемлекетінің» негізін салған Әбу Мұсғаб әз-Зарқауидің (шын есімі: Ахмед Фазыл ән-Наззал әл-Халаила[24], 1966—2006) Әл-Қағида ұйымымен байланысы 1990 жылдары басталды, бірақ «жақын жауды» қойып, «алыс жауға» (Батыс өркениеті) көңіл бөлу тактикасын құптамаған ол, ұйым мүшелерінің қатарына кірген жоқ[25]. 1994—1999 жылдары әз-Зарқауи Иорданияда оған жиһади ілімін үйреткен Әбу Мұхаммед әл-Мақдисимен бірге түрмеде отырды[24]. 1999 жылы ол Ауғанстанға лаңкестер лагерін ұйымдастыру үшін аттанып, Усама бен Ладенмен кездесті. 2001 жылы тәліптердің билігі құлағанда ол Иракқа қашуға мәжбүр болды[26]. 2002 жылдың маусымында әз-Зарқауи Ирактың солтүстігінде «Жамағат әт-таухид уәл-жиһад» («Таухид және жиһад жамағаты») деп аталатын ұйымды құрды[25][27].

ИМ-нің тарихы 2003 жылы басталған Ирак соғысынан бастау алады[6]. Америка Құрама Штаттары Иракқа әскерін енгізгеннен кейін бір жыл өткен соң атақты иорданиялық содыр Әбу Мұсғаб әз-Зарқауи Усама бен Ладенге серт беріп, Әл-Қағиданың осы елдегі бөлімшесін құрды («Ирактағы Әл-Қағида» немесе «Қағида әл-жиһад фи билад әр-рафидәйн» — «Месопотамиядағы жиһад негізі»). «Ирактағы Әл-Қағида» (ИӘҚ) шетелдік әскерлерге қарсылық көрсеткен негізгі күшке айналды[28].

Бұрын Иорданияның шет аудандарының бірінде дүкенші болып жұмыс істеген әз-Зарқауи Сирия жерін кресшілерден азат еткен Нұр әд-Дин Зангиге (1116—1174) ұқсауға тырысып бақты. Қатыгез әз-Зарқауиді жек көрген араб шейхтары АҚШ-тан көмек сұрағанымен, олардың мәселесі шешімсіз қалды. Әз-Зарқауидің шииттерге деген зорлық-зомбылығы өршіп кеткенде Усама бен Ладен мен оның жақтастары мазасыздана бастады. Айман әз-Зауаһири (Әл-Қағиданың қазіргі жетекшісі) Интернет желісінде бас шабу бейнежазбаларын жариялауды доғаруды өтінгенімен, Ирактағы баскесерлер оны тыңдаған жоқ[29].

Әз-Зарқауидің «Ислам мемлекетін» құру туралы ойы ол 2002 жылы Иракқа келердің алдында пайда болды. Бұл жоспарды әз-Зарқауи 2001 жылы Әл-Қағиданың әскери стратегі Сәйф әл-Әділмен бірге талқылаған болатын. 2004—2006 жылдары осы екеуі болашақ халифат туралы идеяны таратумен айналысты. 2006 жылы «Ирактағы Әл-Қағида» бұрын көп талқыланған мемлекеттің негізін салуға жақындап қалды. 15 қаңтарда ИӘҚ Ирактағы жиһадилердің 5 тобымен бірігіп, «Мәжіліс шура әл-мужаһидин» («Мужаһидтер кеңесінің мәжілісі») деп аталатын ұйымды құрды. Сәуір айында әз-Зауаһири бейнехабарлама арқылы «Мәжіліске» қошемет көрсетіп, үш айдан кейін «Ислам әмірлігі» құрылады деп үміттенетінін жеткізді, бірақ екі айдан кейін әз-Зарқауи АҚШ әуе күштерінің соққысынан қаза тапты. 12 маусымда ИӘҚ жаңа жетекшісі деп әз-Зауаһиридің «Ислам жиһады» тобының бұрынғы мүшесі Әбу Хамза әл-Муһажир (Әбу Әйюб әл-Мысыри) жарияланды[30].

2006—2013 жылдар. «Ирак Ислам мемлекеті»

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Әз-Зарқауи қаза тапқаннан кейін 2006 жылдың 15 қазанында «Ирак Ислам мемлекеті» (ИИМ, араб.: دولة العراق الإسلامية‎ немесе араб.: الدولة الإسلامية في العراق‎) деп аталатын экстремистердің 11 тобының басын біріктірген ұйым құрылды[7]. «Әмір ал-муминин»мүминдердің әмірі» — халифалардың атағы) деп бұрынғы полиция офицері Әбу Омар әл-Бағдади (шын есімі: Хамид Дәуд Халил әз-Зави) жарияланды, Әбу Хамза әл-Муһажир оның орынбасарына айналып, «қорғаныс министрі» болып тағайындалды[31].

ИИМ-нің құрылуы Әл-Қағиданың рұқсатынсыз іске асырылды[25][32], бірақ 2007 жылдың желтоқсан айында Усама бен Ладен ИИМ-ді қолдайтынын айтып, содырларды Әбу Омар әл-Бағдадиге серт беруге шақырды. Осыған ұқсас сөздерді Айман әз-Зауаһири де өз жолдауында айтты. Осы кезде Әбу Омар «Ирактағы Әл-Қағиданың» таратылып, «Ислам мемлекетінің» қатарына қосылғанын жариялады. Екі ұйым арасындағы қарым-қатынас нашарлап, ИИМ жетекшілерінің Әл-Қағидамен байланысы азайып кетті. ИИМ-нің шынайы жағдайы туралы ақпаратты қолға түсірген Әл-Қағида жетекшілері Әбу Хамзаға егжей-тегжейлі есеп беруді бұйырды[33].

ИИМ-нің жариялануы жиһадилерден басқа адамдардың назарынан тыс қалды, қарапайым ирактықтар мен шетелдіктер ИИМ-ді «Әл-Қағиданың Ирактағы бөлімшесі» деп атап жүре берді. Ұйымның Иракта әрекет етіп жүрген жиһадилердің басын біріктіру жоспары іске асқан жоқ. «Ирактың Ислами Армиясы» деп аталатын топ ИИМ-ді сынға алды. Беделді кувейттік ғалым Хамид әл-Әли ұйымның мемлекет ретінде жариялануына қарсы шығып, ИИМ-ді «қияли мемлекет» деп атады[34].

2007 жылдан бастап батыс Ирактың көптеген сүнни араб тайпалары ИИМ-нен бет бұрды. Бұның негізгі себебі ИИМ сарбаздарының жергілікті тұрғындарға қатыгездік көрсетуі мен тайпа басшыларына қақтығыстарға қатыспағаны үшін үкімет тарапынан төленетін сыйақы болды. Оған қоса сол кездері ИИМ-нің бірнеше көсемі АҚШ әскерлерінің қолынан қаза тапты[6]. 2009 жылға қарай әз-Зарқауидың басшылығымен пайда болған топ толығымен дерлік жойылды, 2010 жылдың 18 сәуірінде Әбу Омар әл-Бағдади мен Әбу Хамза әл-Муһажир АҚШ және Ирак әскерінің Тикриттегі шабуылының кезінде қаза тапты[35], бірақ Ислам мемлекетінің «шоқтары» діндар сүннилер мен «Баас» партиясының мүшелері қамауда отырған Ирактағы АҚШ түрмелеріне түсіп, бұл қозғалыс қайта жанданды[29].

2010 жылы ИИМ Кеңесінің мәжілісі Әбу Бәкір әл-Бағдади (1971—2019) лақабымен белгілі ирактықты ұйымның жаңа көсемі етіп тағайындағанын жария етті[36]. Билікті өз қолына алған әл-Бағдади ИИМ-ді күшейту жұмыстарымен айналыса бастады[28]. 2011 жылы АҚШ әл-Бағдадиді аса қауіпті лаңкестердің тізіміне енгізіп, оны ұстауға көмектесетін ақпарат үшін 10 миллион доллар сыйақы тағайындады[37].

«Кемп Букка» түрмесі, 2009 жыл.

«Халифаның» ресми өмірбаянына сәйкес, әл-Бағдади Мұхаммед пайғамбардың ﷺ ұрпақтарынан тараған екен. Ирак соғысына дейін Бағдат Ислам университетінің докторлық мәртебесіне ие болған ол, соғыс басталғаннан кейін жақтастарымен бірге «Жәйш Әһл әс-Сунна уәл-Жамағат» («Әһлі-Сүннет және Жамағат әскері») тобын құрған. АҚШ әскерінің қолына түскен әл-Бағдади 2004 жылдың ақпанынан бастап желтоқсан айына деін «Кемп Букка» түрмесінде отырды, бірақ «қауіпсіз» деп танылған соң бостандыққа шыққан. Аңызға сәйкес, ол түрмеден шығарда түрме күзетіне: «Нью-Йоркте кездескенше, жігіттер!», — деп айтқан екен[37]. Лаңкестік үшін айыпталған әл-Бағдадидің бостандыққа шығуы түсініксіз жәйттарға толы, ол АҚШ Орталық барлау басқармасына жұмыс істеді деген күдік болды[38]. 2006 жылы «Ирактағы әл-Қағида» атауын «Мәжіліс шура әл-мужаһидин» қылып өзгерткеннен кейін «Жәйш Әһл әс-Сунна уәл-Жамағат» оған серт беріп, жаңа ұйымның құрамына кірді. 2006 жылы бұл ұйымның атауы «Ирак Ислам мемлекеті» деп қайтадан өзгертілді. ИИМ уәлаяттарындағы шариғат комитеттерін басқарған әл-Бағдади 2010 жылдың сәуірінде ұйым жетекшісі Әбу Омар әл-Бағдади қаза тапқаннан кейін оның орнына тағайындалды[39].

«Ирак Ислам мемлекеті» Таяу Шығыстағы тұрақсыз аймақтарда әрекет етіп жүрген басқа исламистік топтар секілді дамуы әбден мүмкін еді, бірақ әл-Бағдади топтың әдіс-тәсілдерін күрт өзгертіп, бұл ақыр соңында өз нәтижелерін берді[40]. 2011 жылдың соңында әл-Бағдади Сирия аумағына содырларды жіберіп, азаматтық соғысқа қатысқан жетекші топтардың біріне айналған «Ән-Нұсра майданы» деп аталатын жиһадилердің тобын құрды. 2012 жылдың басында ИИМ-нің жетекшісі әл-Бағдади мен «ресми өкілі» әл-Аднани ұйымның «қайта оралғаны» туралы хабарламалар тарата бастады. ИИМ-нің белсенділігі жанданғаннан кейін Иракта зорлық-зомбылық оқиғалары күрт көбейіп кетті[41]. 2013 жылға қарай әл-Бағдади содырлары Иракта айына он шақты рет шабуылдар ұйымдастыра бастады[28].

2013—2014 жылдар. «Ирак және Шам Ислам мемлекеті»

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

2013 жылдың сәуір айында әл-Бағдади Ирак пен Сириядағы өзіне бағынышты күштер мен «Ән-Нұсра майданын» біріктіріп, «Ирак және Шам Ислам мемлекетін» (ИШИМ) құрғысы келетінін жариялады[6]. Әл-Қағида мен «Ән-Нұсра майданының» көсемдері бұл ұсыныстан бас тартты, бірақ «Ән-Нұсра» қатарындағы әл-Бағдадиге адал сарбаздар оған қосылып, ИШИМ-нің Сирия аумағында бекінуіне көмектесті[28].

Әл-Бағдади «Ислам мемлекетінің сарбазы» деп атаған «Ән-Нұсра» жетекшісі Әбу Мұхаммед әл-Жулани өзінің әз-Зауаһириге берген сертіне берік екенін және әл-Бағдадиге бағынбайтынын жеткізді[42]. Екі топтың арасына түскен жік ақыр соңында қарулы қақтығысқа әкеліп соқтырды[6]. Әз-Зауаһири ИШИМ-нің Сирияға басып кіруіне қарсы шығып, Ирак аумағына қайтуға бұйырды. Әл-Бағдади мен әл-Аднани бұл шешімге қарсы шығып, алған беттерінен қайтпайтынын жеткізді[43]. 2014 жылдың 2 ақпанында Әл-Қағида ресми түрде ИШИМ-мен барлық қатынасын үзгенін және бұл топтың (Әл-Қағида ИШИМ-ді «топ» деп атайды, «мемлекет» деп мойындамайды) әрекеттеріне жауап бермейтінін жариялады[44].

Ирак премьер-министрі Нұри әл-Мәликидің Әл-Қағида мен «Баас» партиясына қарсы күресті сылтауратып сүннилерді қуғын-сүргінге ұшыратуы елдің батыс бөлігінде экстремизмнің пайда болуына қолайлы жағдай тудырды[6]. 2013 жылдың желтоқсан айының соңында ИШИМ Ирактағы билік басында отырған шииттер мен Ирак халқының аз бөлігін құрайтын сүнни арабтар арасындағы саяси қақтығысқа назарын аударып, осы жағдайды өз мақсатына қолдана бастады. 2014 жылдың қаңтарында Саддам Хусейннің руластары мен жақтастарының көмегімен ИШИМ Ирактың орталық бөлігінде орналасқан Фаллуджа қаласын басып алды[28].

2014 жылы Сирияда қаза тапқан Ирак барлау қызметінің бұрынғы офицері Қажы Бәкірдің (Хаджи Бакр) үйінен табылған құжаттарға сәйкес, «Ислам мемлекетінің» пайда болуына Саддам Хусейннің билігіне қызмет еткен офицерлердің қосқан үлесі өте зор болуы мүмкін. Бұл құжаттардан ИМ Саддам Хусейн қолданған жүйеге сай әрекет етіп жүр екен. Қажы Бәкірдің жоспарларына Сириядағы азаматтық соғысты пайдаланып, сол елде жаңа топты құру кірген. Бұл топ нығайғаннан кейін көршілес Иракқа басып кіріп, Саддам диктатурасына ұқсас билік орнатуы тиіс еді. 2010 жылы әл-Бағдадиді ұйым басшысы етіп тағайындаған Қажы Бәкір мен бұрынғы ирактық барлау қызметінің офицерлері болуы мүмкін. Сирия әскерімен бұрыннан байланысы бар Қажы Бәкір олармен жасырын одақ құрып, Сирия аумағындағы жауларымен бірігіп күресу туралы келсікен деген де пікір бар[45].

2014 жылдан бастап. «Ислам мемлекеті»

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

2014 жылдың маусым айында ИШИМ Сирия мен Иракты бөліп тұрған үймені бульдозерлермен тегістеп, екі елді бөлген Сайкс-Пико шекарасының жойылғанын жариялады[46]. Ирак аумағына енген ИШИМ-нің сарбаздары солтүстіктегі ірі қала Мосулды басып алып, оңтүстікке қарай орналасқан ел астанасы Бағдатқа бет алды. Өз қарсыластарын қырып салған олар Иракта өмір сүретін өзге дін мен ұлт өкілдеріне қауіп төндірді. Маусым айының соңында ИШИМ өзін «халифат» деп және әл-Бағдадиді «халифа» деп жариялап, атауын «Ислам мемлекеті» қылып өзгертті[28]. Көптеген мұсылман топтары ИМ-нің күллі мұсылман әлемін билеп-төстеуге талпынысын қолдамай, оған қарсы шықты[6].

Ислам мемлекетінің аз уақытта қол жеткізген жетістіктері халықаралық қауымдастықты әбігерлендірді. Бағдатта орын алған саяси дағдарыстың кесірінен Нұри әл-Мәлики үкіметі қызметін доғаруға мәжбүр болды. 2014 жылдың 8 тамызында АҚШ Ирактағы күрдтердің автономиялық ауданындағы ИМ-нің шабуылына тойтарыс беру үшін әуе соққыларын ұйымдастыра бастады. Бұл әрекеттер ИМ-нің басқыншылығын тоқтатқанымен, оны Ирак аумағынан шегіндіруге жеткіліксіз болып шықты[6].

2014 жылдың қыркүйек айының ортасында ИМ Сирияның солтүстігіндегі күрдтер тұратын аймақтарды басып алу үшін шабуылға шықты. 23 қыркүйек күні АҚШ құрамына Иордания, Біріккен Араб Әмірліктері, Бахрейн, Сауд Арабиясы секілді мемлекеттер кірген халықаралық коалицияны құрып, әуе соққыларын Сирия аумағында да жүргізе бастады. Күрд жауынгерлері мен ИМ арасындағы бірнеше айға созылған қарулы қақтығыстың салдарынан ондаған мың босқын Түркияға қашуға мәжбүр болды. Әуе соққылары мен лаңкестікке қарсы халықаралық коалицияның берген қару-жарағының көмегімен күрд жауынгерлері 2015 жылдың басында ИМ содырларын шегіндіре бастады[6].

2014 жылдың соңына қарай Африка, Таяу Шығыс және Орталық Азиядағы қақтығыс аймақтарында ИМ-нің бөлімшелері пайда бола бастады. Нигериядағы «Боко Харам» мен Ауғанстандағы кейбір тәліптер өзінің Ислам мемлекетіне бағынышты екенін жариялады. Бірақ бұл топтардың ИМ-нің Сириядағы басшылығымен келісіп әрекет ететіні немесе етпейтіндігі белгісіз түрде қалды[6].

Ирак пен Сириядан тыс аймақтардағы ИМ-нің ең қуатты бөлімшесі Солтүстік Африкада пайда болды. 2011 жылы Муаммар Каддафидің билігі аяқталғаннан кейін қарулы қақтығыстардан көз ашпаған Ливияда ИМ бірнеше шабуылды өз мойнына алып, 2014 жылдың басында мысырлық және эфиопиялық христиан тұтқындарды өлтіру сәті түсірілген бейнежазбаны таратты. 2015 жылдың наурыз айында ИМ мүшелерінің Тунистегі Бардо ұлттық мұражайына шабуылы 21 адамның өліміне әкелді[6].

2015 жылдың соңында ИМ Ирак пен Сириядан тыс аймақта екі қанды шабуыл ұйымдастырды. 12 қараша күні екі жанкешті лаңкес Хизбуллаһ ұйымының Сириядағы қақтығысқа араласқаны үшін Бейрут қаласының шииттер тұратын ауданында жарылыс ұйымдастырды. Жарылыс салдарынан 40-тан астам адам қаза тапты. Бір күн өткеннен соң Ислам мемлекетіне қатысы бар содырлар Париж қаласында қару-жарақ қолданып шабуыл жасап, жарылыстар ұйымдастырды. Бұның салдарынан 129-дан астам адам қаза тапты. ИМ-нің мәлімдемесіне сәйкес бұл Франция әуе күштерінің Ирак пен Сирияда жасаған соққыларына жауап болды[6].

28 желтоқсан күні Ирак әскері 2015 жылдағы ең үлкен жетістікке жетті — Бағдатқа жақын орналасқан ИМ-нің қол астындағы Эр-Рамади қаласы үкіметтің бақылауына өтті. Оған қоса Саддам Хусейннің туған қаласы Тикрит қайтарылды. Эр-Рамади қайтарылғаннан кейін Ирак премьер-министрі әл-Абади 2016 жылдың соңына дейін демократиялық жолмен сайланған үкімет елдің бүкіл аумағына бақылау орнататынын уәде етті. Эр-Рамадиді алу барысында бірнеше жүз ИМ жауынгерлері өзінен әлдеқайда күшті Ирак әскеріне тойтарыс беруге қауқарлы екенін көрсетті, нәтижесінде үкіметке Мосулды тез арада қайтару туралы жоспарын қоя тұруға тура келді[47].

2015 жыл бойы «Ислам мемлекеті» жеткен жетістіктерін сақтап қалуға тырысып бақты. Зорлық-зомбылық ИМ үгіт-насихатының бір бөлігіне айналды. Содырлардың қолына түскен тұтқындардың басы кесілген бейнежазбалар жарияланды. Франция, Бельгия, Ұлыбритания секілді елдерде «Ислам мемлекеті» өз мойнына алған лаңкестік актілер орын алды. Бірақ көп ұзамай, 2016 жылы ИМ өз бақылауындағы көптеген аймақтардан айырылып, бұл ұйымға қарсы іс-қимылдар күшейе түсті. Күйреуге жақын тұрған ұйымның басшылары енді жауынгерлерді өзіне келіп қосылуға шақырудың орнына оларға өз елдерінде қалып, шабуылдар ұйымдастыруға үгіттеуге көшті[48].

2017—2019 жылдар. «Ислам мемлекетінің» күйреуі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

2017 жылдың шілдесінде «Ислам мемлекетінің» содырлары 2014 жылы басып алған Мосул қаласын тастап қашқаннан кейін Ирак премьер-министрі Хайдар әл-Абади жергілікті деңгейдегі жеңіс туралы жариялады. Мосулдағы жеңілістен кейін ИМ қарамағындағы Ирак пен Сирия аймақтарының көлемі күрт азая бастады. 2017 жылдың 17 қазанында «Ислам мемлекетінің» астанасы саналған Раққа қаласы Раққаға екінші шайқастың нәтижесінде Сирия әскерлерінің қолына өтті. 3 қарашада әскерилер ИМ-нің Сириядағы соңғы үлкен қаласы — Дейр-әз-Заурды өз бақылауына қайтарды. Ирак әскерлері де қараша айында ел аумағындағы ИМ-нің соңғы қаласын — Рауаны басып алды (бұл елді мекенді ИМ 2014 жылы жаулап алған болатын).

«Ислам мемлекетінің» осы сәтсіздіктерінен кейін Иран президенті Хасан Рухани бұл ұйымның жеңілгені туралы ақпарат жариялап, «Ислам революциясы сақшылары корпусының» ықпалды генералы Қасым Сүлеймани Иранның жоғарғы басшысы Али Хаменеиге ИМ-нің жеңілгені туралы хат жолдады. Ресей президенті Владимир Путин «Ислам мемлекетінің» Сирияда жеңілгені туралы, Ирак премьері әл-Абади ИМ-нің Иракта жеңіліс тапқаны туралы жариялады. 2018 жылдың қарашасында бұл сөздерді Ұлыбритания Бас штабының басшысы генерал Марк Карлтон-Смит те растап, «халифаттың» жер бетінен жойылғанын айтты.

АҚШ-тың қолдауымен әрекет ететін «Сирия демократиялық күштері» ИМ-ді жеңгенін 2019 жылдың 23 наурызында, Бағуз Фауқани елді мекені үшін шайқастан кейін жариялады. Сол жылдың 19 желтоқсанында АҚШ президенті Дональд Трамп «Ислам мемлекетінің» жеңіліс тапқаны туралы жариялады. Сол жылдың 26 қазанында Сирияның солтүстік-батысындағы Идлиб облысында АҚШ қарулы күштері ізіне түскен «халифа» Әбу Бәкір әл-Бағдади қаза тапты. Жер астындағы үңгірге тығылған әл-Бағдади, арнайы жасақтың қолына түспеу үшін өзін-өзі жарып жіберген[49].

Ислам мемлекетіне қарсы соғыс

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
ИМ-ге соққы жасауға шыққан F-15E жойғыш ұшағы.
Коалицияның Айн әл-Арабтағы ИМ позицияларына әуе соққысы.
ИМ-нің нысандарына атылған Tomahawk ракеталары.

«Ислам мемлекетіне» тойтарыс беру үшін құрылған коалицияға БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің құрамына кіретін бес мемлекеттің төртеуі енді. Бұл қақтығысқа тікелей араласпаған Қытай Ирак үкіметіне барлау мәліметтерімен бөлісу және қару-жарақ сату арқылы көмек бергісі келетінін мәлімдеді. Коалицияның құрамына Таяу Шығыстағы саяси күштердің көбісі кірді: Түркия, Сирия, Иран, Ирак, Иордания және Парсы шығанағы мемлекеттері. Бұл аймақтағы ең қуатты мемлекеттік емес ұйымдар, оның ішінде Хизбуллаһ пен күрд жасақтары да «Ислам мемлекетіне» қарсы шықты. Коалиция әскерінің саны және сапасы жағынан үлкен басымдығы болғанымен, ол құрылғанан кейін де ИМ өзінің қол астындағы аймақтарды сақтап қана қоймай, Ирак пен Сирияның бірнеше ауданын өзіне қаратып та үлгерді[50].

Қуатты мемлекеттерден құралған одақ өзінен әлдеқайда әлсіз қарсыласын тез арада жоюға қауқарсыз болып шықты. ИМ көп қарсыласқа тойтарыс берген тарихтағы бірінші төңкерісшілер емес. 1790 жылдары төңкерісшіл Франция Австрия, Пруссия, Ресей, Голландия, Испания, Португалия және Пьемонт секілді мемлекеттерге қарсы соғысып, Наполеон Бонапарт басқарған француз әскері 20 жылдың ішінде жауларын күйретіп, Еуропада орасан зор империя құрды. Жүз жылдан соң Ресейдегі большевиктер 1917—1922 жылдары ақтарға және құрамына АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Канада, Австралия, Жапония сияқты мемлекеттер кірген халықаралық коалицияға қарсы соғысып, жеңіп шықты. Жоғарыда аталған коалициялар мен ИМ қарсы құрылған одақтың жетістікке жетпеуінің себебі — құрамындағы мемлекеттердің жеңіске деген құштарлығы болмай, араларында бытыраңқылық орнады[50].

ИМ үшін жеңіс аса маңызды болды, ал Ресей, Франция, АҚШ секілді мемлекеттер оған онша құштарлық танытқан жоқ. АҚШ ИМ-нен бөлек көптеген мәселелерге көңіл бөлуге мәжбүр болды. ИМ-ді жеңгісі келген Құрама Штаттар сол жеңіс үшін үлкен құн төлеуге дайын емес еді. Коалиция құрамындағы мемлекеттердің арасындағы ауызбіршілік деңгейі де төмен болды: Сирия президенті Башар әл-Асад өз билігін сақтап қалуды мақсат тұтты, Ресей мен Иран да әл-Асадтың билік басында қалғанын қалады, ал Сауд Арабиясы оны тақтан тайдыруды көздеді. Түркия болса бағзы қарсыласы — күрдтер мәселесіне алаңдаулы еді. АҚШ «Ислам мемлекетіне» қарсы соғысып жатқан мемлекеттердің кейбіреуін ғана шын одақтас санап, Ресейдің Сириядағы мақсаттарынан сезіктенді[50].

«Ислам мемлекетіне» қарсы соғысты қиындата түскен тағы бір себеп — кез келген қақтығыста әлсіз жақ жағдайды баяндау мүмкіндігіне (яғни, дискурсқа) ие бола алады. ИМ жаулары көбейген сайын күшейе түсті, себебі олар қаза тапқан қарсыластарын көрсетіп, өздеріне «Құдай тарапынан жеңіс бұйыратындығын» алға тартты. Ал коалицияның тез арада зор жетістіктерге қол жеткізбеуі одақтастардың әлсіздігін көрсетті. ИМ-нің осы жағдайдағы өзінен үлкен күшке қарсы күресі сырт көзге таңқалдырарлық жетістік болып көрінді[50].

«Ислам мемлекетіне» қарсы құрылған коалиция жасаған әуе шабуылдарының көп бөлігі АҚШ әуе күштеріне тиесілі. Америка халқы құптамаған Ирак пен Ауғанстандағы соғыстан кейін Ирак әскеріне көмектесу үшін 3,5 мың жауынгер жөнелту Барак Обама үшін қиынға түсті. Сонымен қатар АҚШ Сириядағы «ұстамды» көтерілісшілерді жаттықтырып, қару-жарақпен қамтамасыз етті. Расталмаған деректерге сәйкес, АҚШ арнайы күштері «Ислам мемлекетіне» қарсылас топтармен бірігіп, Ирак пен Сириядағы қақтығыстарға қатысқан[51].

АҚШ әуе күштері Ирак пен Сириядағы нысаналарға соққы жасау барысында үлкен қиыншылыққа кезікті. АҚШ ұшақтары жайғасқан Қатар мен Біріккен Араб Әмірліктерінен солтүстік Иракқа ұшып жету үшін 1,5 мың км қашықтықты бағындыру қажет еді. Бұл орташа жойғыш ұшақтың әрекет ету радиусынан асып түседі, сондықтан АҚШ жанармай тасушы ұшақтарды кеңінен қолдануға мәжбүр болды[52].

2016 жылдың қаңтарында Пентагон басшысы Эштон Картер Ирак пен Сириядағы әскери операцияға құрамында 16 мың жауынгер бар әйгілі 101-ші әуе-десант дивизиясы (ағылш. 101st Airborne Division) қатысады деп мәлімдеді. ИМ-ге қарсы толыққанды әскери операцияны бастау үшін Барак Обамаға АҚШ Конгресінің рұқсаты қажет болатын, ал онда демократтардың қарсыластары — Республикалық партияның өкілдері басым болды. Сайлаушылардың қолдауынан айырылып қалудан қорыққан республикалықтар жер үстіндегі әскери қимылдардан бас тартты. Пентагон Америка халқының көп бөлігі Ирактағы әскери іс-әрекеттерді қолдайды дегенмен, шын мәнінде америкалықтардың көбісі бұған қарсы шықты. Оған қоса президенттік мерзімі аяқталуға шамалы қалған Барак Обаманың әскер енгізу туралы шешімі сәтсіздікке ұшыраса, Демократиялық партияның атынан сайлауға қатысатын кандидатқа әсерін тигізуі мүмкін деген де қауіп болды[53].

Ирак жерінде экстремистердің пайда болуына қолайлы жағдайды тудырған премьер-министр Нұри әл-Мәлики 2014 жылдың тамыз айында өз орнын босатып, үкімет басына Хайдар әл-Абади келді. 2014 жылдың жазында ИМ әп сәтте мемлекеттің солтүстік бөлігін басып алып, 12 маусым күні оның сарбаздарының Бағдатқа жетуіне 100 км қалғанда Ирак үкіметі АҚШ-тан көмек сұрай бастады. Бағдатты халық жасақтарынның құрылуы және Ислам төңкерісі сақшыларының корпусын жіберген Иранның көмегі құтқарып қалды[52]. Сол кезде ИМ-нің Бағдатқа шабуылын тоқтатқан шиит жасақтарының кейбірі мемлекеттің бақылауынан тыс әрекеттер жасап, сүннилерге қарсы жазалаушы шабуылдар ұйымдастырды деп айыпталды[51].

2011 жылы Сирияда төңкеріс басталған сәттен-ақ Башар әл-Асад діни экстермистердің бүкіл аймаққа қауіп төндіретінін ескерткен болатын. Батыс елдері алғашында әл-Асад өзінің қарсыластарын «лаңкес» қылып көрсетуді қалайды деп ойлағанымен, уақыт өте келе ИМ мен «Ән-Нұсра майданының» күшеюінен сезіктене бастады. Осыған қарамастан Батыс елдері әлі күнге шейін әл-Асадпен ынтымақтасқысы келмейді[51]. ИМ негізінен Ирак аумағында әрекет еткенімен, бұл ұйымның тылы дәл осы Сирияда орналасқан. Сириямен ресми түрде келісу мүмкін болмағандықтан АҚШ осы елдегі нысаналарға «Ирак үкіметінің өтінішіне сәйкес» соққылар жасайтынын мәлімдеді. Сирия өкілдері бұл туралы олармен ешкім келіспегенін, бірақ лаңкестікпен күресті құптайтынын жеткізді[52].

Сирия үкіметі ресми түрде ИМ-мен күресетін сыңай танытқанмен, олардың арасында жақсы қарым-қатынас орнаған деген ақпарат болды. Оның мысалы ретінде Сирияның екі негізгі ұялы телефон операторлары ИМ қарамағындағы аймақтарда өз жұмысын тоқтатпағанын келтіруге болады. Оған қоса «Ислам мемлекетінің» штаб-пәтері болған Раққа қаласына үкімет басқарған аймақтардан жүйелі түрде азық-түлік жеткізіліп тұрды. Time журналымен сұхбаттасқан құпия дереккөздің мағлұматына сәйкес, Башар әл-Асадтың негізгі қарсыласы «Ислам мемлекеті» емес, «Азат Сирия армиясы» мен «Ән-Нұсра майданы» екен. Бұл топтар өздерінің мақсаты Сирия президентін тақтан тайдыру екенін жариялаған, ал ИМ ешқашан нақты бұндай мәлімдеме жасаған жоқ. Сирия әскері ел аумағында орналасқан ИМ-нің астанасы Раққаны бомбалаудың орнына көбінесе «Азат Сирия армиясына» қарсы шабуыл жасайды. Сирия үкіметінің бұл саясатының мақсаты — сириялық оппозицияны әлсіретіп, ИМ-ге тойтарыс бере алатын жалғыз күш ретінде өз билігін заңдастыру еді[54].

Араб мемлекеттері

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Ирак пен Сирияны санамағанда, «Ислам мемлекетіне» қарсы күреске Сауд Арабиясы, Иордания, Біріккен Араб Әмірліктері, Қатар, Бахрейн, Мысыр, Кувейт, Оман секілді бірақатар араб елдері қосылды. Сауд Арабиясы АҚШ өтінішін қабылдап, өз елінің аумағында «ұстамды» сириялық көтерілісшілерді жаттығу базасымен қамтамасыз етті, ал АҚШ-тың сенімді одақтасы Иордания өз шекараларының тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 2014 жылдың қыркүйегінде Сириядағы ИМ-нің содырларына әуе шабуылдарын ұйымдастырды. ИМ-нің қолына түскен иорданиялық ұшқыш Мұғаз әл-Касасиба өлім жазасына кесіліп, содырлар оны тірідей жағып жіберді. Иорданиялық ұшқыштың өлімінен кейін оның алдында Ирак пен Ливиядағы нысаналарға соққылар жасап жүрген БАӘ әуе күштері қақтығысқа қатысуын тоқтатты[51].

Қатар мемлекетінің аумағында АҚШ-тың маңызды Әл-Удейд әуе базасы орналасқан. Осы елде өмір сүретін шиитер Қатар үкіметін «ИМ-ге көмек берді» деп айыптағаннан кейін мемлекет басшылығы бұл қауесеттерді бірнеше рет жоққа шығаруға мәжбүр болды. Сонымен қатар бұл әмірлік Әл-Қағиданың Сириядағы бөлімшесі «Ән-Нұсра майданын» ашуға көмектесті деген ақпарат бар. Көршілес Бахрейннің аумағында Парсы шығанағы, Қызыл теңіз, Арабия теңізі және Үнді мұхитының бір бөлігіне жауап беретін АҚШ әскери-теңіз күштерінің Бесінші флоты орналасқан[51].

Коалиция мүшелерінің көбісі Иранның қарсыластары екеніне қарамастан, бұл ел «Ислам мемлекетіне» қарсы бірігіп күресуге шақырды. Тіпті байырғы бәсекелесі Сауд Арабиясына қол ұшын беріп, өзі құптамаған АҚШ-тың Ирактағы бұрынғы әрекеттеріне көз жұмды. Иран ресми түрде өз жауынгерлерінің Сириядағы қақтығысқа қатысып жүргенін мойындаған жоқ, бірақ 2015 жылдың маусым айында осы сәтке дейін кем дегенде 400 ирандық және ауғандық «еріктілердің» қаза тапқаны белгілі болды. Иран қарулы күштері Ирак жеріндегі «Ислам мемлекетіне» қарсы күресте негізгі рөлді атқарды. «Ислам төңкерісінің сақшылары» Ирактың қауіпсіздік күштеріне кеңес беріп, ирандық ұшқыштар әуе соққыларын жасады. Иранның қолдауымен шииттік жасақтар (милиция) құрылды[51].

Хмеймим әуе базасындағы Су-24М бомбалаушы ұшағы.

АҚШ бастаған коалицияның құрамына кірмейтін Ресей 2015 жылдың қыркүйек айынан бастап Сирияда әуе соққыларын жүргізе бастады. Оған қоса Каспий теңізінде орналасқан әскери кемелерден ИМ-нің нысандарын ракеталармен атқылай бастады. Владимир Путиннің айтуынша, Ресейдің нысанасы — ИМ және басқа да қарулы топтардың бекіністері[51]. Бірақ Ресейдің Қорғаныс министрлігі соққы жасадық деген нысаналар негізінде ИМ-ге қатысы жоқ аймақта орналасқандығы анықталды. Сириялық белсенділердің хабарлауынша, Ресей әуе күштерінің соққылары АҚШ қолдап жүрген «Тажаммуғ әл-Ғизза» (араб.: تجمع العزة‎) көтерілісшілер тобының позицияларына бағытталған екен[55].

Ресей Сирия үкіметі секілді Башар әл-Асадқа қарсы соғысып жүрген көтерілісшілерді «лаңкестер» деп санайды, бірақ алғашында Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров айыптауларды жоққа шығарып, Ресей соққыларының нысаналары тек қана ИМ-ге тиесілі екенін және «Азат Сирия армиясын» (сириялық көтерілісшілердің ірі тобы) лаңкестік ұйым деп санамайтынын айтқан болатын[55].

Сириялық құқық қорғаушылардың 2016 жылдың 20 қаңтарында жариялаған мәліметіне сәйкес, Ресей әуе шабуылдарының салдарынан барлығы 3049 адам қаза тапқан. Ажал құшқандардың арасында 1015 бейбіт тұрғын, оның ішінде 200 жуық бала бар екен. Ресей соққыларынан ИМ-нің 893 содыры және басқа топтардың (оның ішінде «Ән-Нұсра майданы» да бар) 1141 мүшесі қаза тапқан. Бұл мағлұмат жарияланған күні Ұлыбританияның қорғаныс министрі Ресей соққыларының салдарынан бейбіт тұрғындар мен «ұстамды» оппозиция өкілдері жапа шегіп жатқанына алаңдаулы екенін жеткізді[56].

Түркия «Ислам мемлекетін» жоюға мүдделі елдердің бірі болды. Түркия билігі 2015 жылдың маусымында Суруч қаласында және қазан айында Анкарада болған терактілерге ИМ жауапты деп санайды. Түрік ұшақтары ИМ-нің Сириядағы позицияларына шабуыл жасады. Елдің оңтүстігінде орналасқан Инджирлик әуе базасын АҚШ әуе күштері өз қажеттіліктері үшін қолданды (Түркия НАТО мүшесі)[51].

Еуропа одағы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Франция, Ұлыбритания, Бельгия, Дания, Нидерланды сияқты Еуропа одағының мемлекеттері коалицияның құрамына кіреді. Франция Сириядағы алғашқы әуе шабуылдарын 2015 жылдың қыркүйек айында жүргізді. Франция президенті Франсуа Олланд ИМ Париж қаласында қантөгіс ұйымдастырғаннан кейін шабуылдардың күшейетіні туралы мәлімдеді. 2015 жылдың желтоқсан айында Ұлыбритания Парламенті Ирак пен Сириядағы ИМ-нің нысандарын бомбалауды арттыруға дауыс берді. 4 желтоқсан күні Германия Парламенті ИМ қарсы күреске қосылу жоспарын мақұлдады[51].

Канаданың жаңа премьер-министрі Джастин Трюдо өзінің сайлау алдында берген Ирак пен Сирияда әуе шабуылдарын орындап жүрген канадалық ұшқыштарды елге қайтару туралы уәдесін орындайтынын растады[51].

Аустралия АҚШ бастаған халықаралық коалицияның құрамына кіреді. Аустралия әуе күштері алғашқы соққыларын 2015 жылдың қыркүйек айында жасады[51].

Басқа қарулы топтармен қарым-қатынасы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Әз-Зарқауи бастаған Ирактағы бөлімше пайда болған сәттен-ақ ол Әл-Қағиданың басшылығын әбігерлендірді. Әл-Қағиданың атын жамылып, қаражатын қолданған бұл топ көбінесе орталық басшылықпен бірлесіп әрекет етуден бас тартты, тіпті бұл талапты Усама бен Ладеннің өзі қойса да. 2010 жылы «Ирак Ислам мемлекеті» (ИМ-нің сол кездегі атауы) Әл-Қағиданың басшыларымен келіспей Әбу Бәкір әл-Бағдадиді ұйым жетекшісі етіп тағайындады. 2011 жылы Бен Ладен АҚШ әскерінің қолынан қаза тауып, Ирактағы бөлімшенің мәселесін шешу беделі анағұрлым төмен Айман әз-Зауаһиридің міндетіне айналды[57].

2013 жылдың сәуір айында әл-Бағдади «Ирак Ислам мемлекеті» Сириядағы «Ән-Нұсра майданымен» бірігіп, «Ирак және Шам Ислам мемлекетін» құратынын жариялағанда «Ән-Нұсраның» жетекшісі әл-Жулани одан бас тартып, Әл-Қағидаға берік екенін жеткізді және «жиһад шейхынан» (яғни, әз-Зауаһиридан) осы мәселені шешуді сұрады. 23 наурызда әз-Зауаһири «заңсыз» құрылған ИШИМ таратылуы керек деп және әл-Бағдади Сирияны тастап Иракқа қайтуы тиіс деп үкім шығарды, ал әл-Жулани Әл-Қағиданың Сириядағы бөлімшесінің басшысы болып тағайындалды. Бұл үкіммен келіспеген әл-Бағдади ИШИМ-нің жойылмайтынын айтты. Әл-Бағдади басқарған топ уақыт өте келе Әл-Қағидамен барлық байланысын үзді, әз-Зауаһириге берік командирлер ұйым қатарынан қуылды немесе өлтірілді[57].

2014 жылдың 16 қаңтарында Әл-Қағиданың өкілі Әбу Халид әс-Сури ИШИМ жиһадты «аздырды», ұйым мүшелері өз бауырларын өлтірді деп айыптаған хабарламасын Интернет желісіне шығарды. 2 ақпанда Әл-Қағида ресми түрде ИШИМ-мен барлық қатынасын үзгенін және бұл топтың (Әл-Қағида ИШИМ-ді «топ» деп атайды, «мемлекет» деп мойындамайды) әрекеттеріне жауап бермейтінін жариялады[44]. 21 ақпан күні Алеппо (Халеб) қаласында әз-Зауаһиридің сенімді өкілі әс-Сури қасақана өлтірілгеннен кейін Әл-Қағида мен ИШИМ-нің арасында татулықтың орнамайтыны белгілі болды. Әйгілі жиһадшы Әбу Мұхаммед әл-Мақдиси мен Әл-Қағиданың идеологтары ИШИМ-ге қарсы пәтуасын жария етті. Бұрынғы жақтастарының бет бұруынан қорыққан ИШИМ басшылары әл-Мақдиси мен Әл-Қағиданың мүшелеріне миллиондаған доллар сыйақы уәде еткен хаттар жөнелтті. Әл-Мақдиси, Әбу Қатада секілді идеологтар бұл ұсыныстан бас тартты, бірақ әлемнің түкпір-түкпіріндегі жиһадшылардың топтары «халифаға» серт бере бастады[57].

«Ислам мемлекеті» мен Талибан арасындағы қақтығыс 2015 жылдың қаңтар айында басталды. Бұның себебі ИМ-нің Ауғанстан, Пәкістан, Иран және Орта Азия аумағында өзінің Хорасан деп аталатын уәлаятын жариялау болды. Бұл Ирак пен Сирияда шоғырланған ИМ-нің араб мемлекеттерінен тыс бірінші бөлімшесі болды. Тәліптер өз елінде жиһадтың тағы бір майданы ашылғанын қаламайтынын және өздерінің жетістіктерін қорғауға дайын екенін мәлімдеді. Осы қылығы үшін ИМ-нің ресми өкілі әл-Аднани тәліптерді діни қылмыс жасады деп айыптап, халифатқа қосылмағандарға ешқандай мейірім танытпауға бұйырды[58].

ИМ Талибан қозғалысының ішіндегі билікке деген таласты өз пайдасы үшін қолдана бастады. Бұл талас әсіресе молда Мұхаммед Омар қайтыс болып, оның орнына молда Ахтар Мансур келгеннен кейін айқын көріне бастады. Оған қоса көптеген жұмыссыз ауғандықтар ИМ уәде еткен жоғары жалақыға қызықты. Бірақ ауғандық содырлардың көбісі ИМ-ге қосылмай, қолайлы уақытты күтті, Талибан қолға алған қуғын-сүргіннен қорыққан олар ашық серт беруден баст тартып жүрді[58].

ИМ-нің Ауғанстанға келуі тәліптердің билігіне қауіп төндірді, бірақ оған қоса оларға бірқатар елдермен қарым-қатынасын түзетуге көмектесті. Талибан көсемдері осы өңірдің бірнеше мемлекетімен диалог орнатып, Ауғанстанда ИМ-нің орнығуына жол бермейміз деп сендірді[58].

Ән-Нұсра майданы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

«Ән-Нұсра майданы» («Жәбһат ән-Нұсра ли-Әһл әш-Шам» — «Шам халқына көмек майданы») — Әл-Қағиданың Сириядағы бөлімшесі. Бұл топ Сирияның солтүстігіндегі Идлиб ауданының көп бөлігін өз бақылауында ұстап тұрды. 2015 жылдың қазан айында «Ән-Нұсра майданы» үкімет әскерлерін жеңіп, аудан орталығы Идлиб қаласын басып алды. «Ән-Нұсра» алғашында ИМ-мен одақтас болды (ИМ Әл-Қағиданың Ирактағы бұрынғы бөлімшесі еді), бірақ 2013 жылы бұл топтардың арасы бұзылып, «Ән-Нұсра майданы» Әл-Қағиданың Сириядағы ресми бөлімшесіне айналды. Осыдан кейін «Ән-Нұсра» имен ИМ арасындағы Дейр-әз-Заур облысында орын алған қақтығыста екі жақтан бірнеше жүз содыр қаза тапты[59].

Күрд жасақтары

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Ирак пен Сирия аймағында күрдтердің Халықтық қорғаныс топтары (YPG), Әйелдердің қорғаныс топтары (YPJ), Пешмерга (Pêşmerge) жасақтары және Күрдістан Жұмысшылар партиясы (КЖП) ИМ-ге қарсы күресіп жүр. Кұрд жасақтары секілді ИМ-мен күресіп жүрген Түркия КЖП-мен де күресіп жүр, ал Пешмерга жасақтары керісінше Түркиямен жақсы қарым-қатынаста. Сириядағы ИМ-ге қарсы күрестегі бастаманы YPG алды. 2014 жылы YPG АҚШ әуе күштері соққыларының көмегімен Түркиямен шекаралас Айн әл-Араб (Кобани) қаласын ИМ-нен қорғап қалды[60].

Газа секторын өз бақылауында ұстап отырған ХАМАС ұйымының ИМ-мен қарым-қатынасы нашар болды. «Мұсылман бауырлар» ағымынан пайда болған ХАМАС-тың идеологиясы ИМ-нің радикалды көзқарастарына қарағанда ұстамдырақ келеді. ХАМАС сыртқы істер министрінің орынбасары Ғазы Хамадтың айтуынша, Газа секторында ИМ-ді қолдайтын адамдар бар, бірақ ИМ немесе Әл-Қағидамен ресми түрде байланысы бар ұйымдар жоқ екен[61].

Өзге қарулы топтарға қарағанда «Ислам мемлекеті» басқарғысы келетін аймақтарды өз бақылауында ұстауға тырысты. Осы себептен ИМ заманауи мемлекеттің құрылымына ұқсас бюрократиялық жүйені құрды[62]. 2014 жылы журналистердің қолына түскен «Ислам мемлекетінің басқару қағидалары» деп аталатын құжаттан бұл ұйымның мемлекет құру ісіндегі шараларының егжей-тегжейі белгілі болды. ИМ-нің әдеттегі зорлық-зомбылықтан басқа денсаулық сақтау, білім беру, сауда-саттық, байланыс және жұмыс орындары секілді қарапайым нәрселер туралы алаңдайтыны анықталды. Осының барлығы ИМ-нің басты мақсаты фундаменталистік теологияның негізінде өмірге бейімді мемлекетті құру екеніне анық дәлел еді[63].

Бастапқы кезеңде «Ислам мемлекеті» лаңкестердің немесе көтерілісшілердің бір тобы болғанымен, уақыт өте келе оған қатысты «квазимемлекет» немесе «протомемлекет» деген анықтамалар қолданыла бастады[64]. 2007 жылы «Ирак Ислам мемлекетінің» Шариғат кеңесі жариялаған жолдауда мемлекеттіліктің дәлелі ретінде ұйым басшысы билігінің «әһл әл-халл уәл-ақд» деп аталатын беделді адамдар тобымен (ирактық мужаһидтер) мойындалуын алға тартты[65]. Франциялық мемлекет қайраткері және саясаткер Франсуа Фийон 2015 жылы «Ислам мемлекетін» «лаңкестік ұйым» деп атауды қойып, оны мемлекет ретінде мойындауға шақырды[66].

Ғалымдар «мемлекет» деп халықаралық жүйе аясындағы әрекеттестіктің негізгі бірлігін және халықаралық тәртіптің заңды құрамдас бөлігін атайды. «Ислам мемлекеті» мемлекеттілік туралы бұл түсінікке онша сай келмеді[67]. 1933 жылы мақұлданған Монтевидео конвенциясына сәйкес (1-бап), мемлекеттің төрт нышаны болуы керек: тұрақты халқы, белгіленген аймағы, үкіметі және басқа мемлектетермен қатынасқа түсу мүмкіндігі. Конвенцияның бұл қағидасы ИМ-нің (немесе белгілі бір аймақты басып алып, сол жердің халқын өзіне бағынышты қылуға қауқарлы басқа да қарулы топтардың) мемлекеттілігін жоққа шығарады[68].

Биргам Янг атындағы университеттің саясаттану доценті Куинн Мекам (ағылш. Quinn Mecham) Ислам мемлекетінің «мемлекеттілігін» бағалау үшін, әрбір мемлекет атқаруы тиіс алты қызметті таңдап, осы қызметтерді атқару сапасын 10 баллдық шәкіл бойынша 2015 жылы бағалап шықты[67]:

  1. Салық және еңбек жүйесі — 7 балл
  2. Азаматтықты анықтау және реттеу — 4 балл
  3. Халықаралық қатынастарды басқару — 2 балл
  4. Ішкі қауіпсіздікті қамтамасыз ету — 6 балл
  5. Әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз ету — 5 балл
  6. Экономикалық өсімге жәрдемдесу — 3 балл

Бұл негізгі көрсеткіштер бойынша «Ислам мемлекетін» көршілес елдермен салыстыру нәтижелері аралас болып шықты, ал басқа исламшыл топтармен немесе өзінің бір жыл бұрынғы қалпымен салыстырғанда ИМ мемлекеттілігінің дамуы таң қалдырды. Әуе шабуылдары мен қарсыластардың көптігіне қарамастан ИМ-нің мемлекет құру ісіндегі жетістіктері көпке дейін азайған жоқ[67].

Жетекшілері

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Әбу Бәкір әл-Бағдади, 2004 жыл.

2019 жылы қаза тапқанға дейін «Ислам мемлекетінің» басшысы және жоғарғы қолбасшысы — Әбу Бәкір әл-Бағдади деген лақап атымен танымал «халифа» Ибраһим Аууад Ибраһим Әли әл-Бадри әс-Самарраи болды[7] (2019 жылы қаза тапты). Халифа ретінде әл-Бағдади төрт мәжілісті (Шариғат мәжілісі, Кеңес мәжілісі, Әскери мәжіліс және Қауіпсіздік мәжілісі) және уәлаяттар жүйесін басқарды. Өз кезегінде әр уәләят басшысының (уәли) қарамағында жоғарыда аталғандай төрт мәжіліс болды[62].

Әл-Бағдади мен ИМ-нің «ресми өкілі» Әбу Мұхаммед әл-Аднаниді (2016 жылы қаза тапты) санамағанда бұл ұйымның басқа жетекшілері туралы мәлімет аз болды. Бір кездері әл-Бағдадидің Сирияда Әбу Әли әл-Анбари және Иракта Әбу Мүслим әт-Түркмени деген есімдермен белгілі екі орынбасары бар деп есептелінді. Кейін белгілі болғандай, Әбу Алә әл-Афри (2016 жылы қаза тапты) лақабымен белгілі «халифа» орынбасары Әбдірахман Мұстафа әл-Қадули ИМ-дегі екінші адам саналған екен. АҚШ үкіметі кезінде әл-Қадулидің басы үшін 7 млн доллар сыйақы тағайындаған еді[62]

2019 жылдың қазан айында әл-Бағдади қаза тапқаннан соң бір аптадан кейін «Ислам мемлекеті» жаңа «халифаның» есімін жариялады. Әбу Ибраһим әл-Һашими әл-Құраши деген адамды жаңа басшы қылып ИМ-нің Кеңес мәжілісі (Маджлис аш-шура) тағайындағаны белгілі болды. Ол туралы ақпарат жоқтың қасы, есіміндегі «Һашими» (яғни Һашим әулетінен) және «Құраши» (Құрайыш тайпасынан) сөздеріне қарағанда — Мұхаммед пайғамбардың ﷺ ұрпақтарынан тараған болу мүмкін[69].

Уәлаяттары

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

2015 жылы «Ислам мемлекеті» өздігінен жарияланған 30 уәлаяттан (араб.: ولاية‎) құралған еді. Олардың бірқатары Ирак пен Сириядан тыс аймақтарда орын тепті: Ливияда үш уәлаят (Тарабулус, Феззан және Барқа), Сауд Арабиясында екі уәлаят (Уәлаят Харамейн және Уәлаят Нежд) және Мысыр (Уәлаят Синай), Нигерия (Уәлаят Ғарб Африқия), Йемен (Уәлаят әл-Йемен), Алжир (Уәлаят әл-Жазаир) және Пәкістан (Уәлаят Хорасан) елдерінде бір-бір уәлаяттан. Олардың ішінде тек Ливия мен Нигериядағы уәлаяттар ғана белгілі бір аймақты өз бақылауында ұстап отырды. Көптеген экстремистік топтар ИМ серт бергенімен, олардың тек 10 ғана ИМ-нің құрамына кіріп, «уәлаят» болып жарияланды. Бұл уәлаяттардың сегізі үкімет билігі әлсіз елдерде орнықты және болашақта осы аймақтарды өз бақылауына алу мүмкіндігі болды, ал мемлекет билігі қуатты Сауд Арабиясында жарияланған екі уәлаятта бұндай мүмкіншілік өте аз еді[70].

Синай уәлаяты

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

ИМ-нің Мысырдағы бөлімшесі 2011 жылы төңкеріс кезінде пайда болған «Ансар Бәйт әл-Мақдис» тобының негізінде құрылған. Нигериялық «Боко Харам» ИМ-нің құрамына кірердің алдында Синай түбегіндегі бөлімше ұйымның ең қуатты тобы болды. Негізінен Синай түбегінде әрекет ететін бұл топ, Каир мен Мысырдың батысындағы шөл даладағы шабуылдарды да өз мойнына алды[71].

Ливия уәлаяттары

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

ИМ-нің Ливиядағы уәлаяттары 2014 жылдың қараша айында жарияланды. Барқа уәлаяты елдің шығыс бөлігінде, Триполи (Тарабулус) уәлаяты батыс бөлігінде, Феззан уәлаяты оңтүстікте орналасқан. Бұл топтар негізінен Ливияның жағалау бөлігінде белсенділік танытты. 2015 жылдың маусым айында ИМ Ливиядағы Сирт қаласы өз бақылауына өткенін жариялады[71].

Алжир уәлаяты

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

«Ислам Мағрибіндегі Әл-Қағидадан» (Әл-Қағиданың солтүстік-батыс Африкадағы бөлімі) бөлініп кеткен «Жунд әл-Хилафа» («Халифат сарбаздары») тобы 2014 жылы Әбу Бәкір әл-Бағдадиге серт беріп, өзін ИМ-нің Алжир уәлаяты деп жариялады. Бұл топтың атағы 2014 жылдың қыркүйегінде содырлар франциялық саяхатшы Эрв Гурделдің (фр. Hervé Gourdel) басын кескенде шықты. Сол жылдың желтоқсан айында топтың жетекшісі Халид Әбу Сүлеймен (Әбді-Мәлік Гури) Алжир әскерінің қолынан қаза тапты деген хабар тарады[71].

Сауд Арабиясы және Йемендегі уәлаяттар

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

2014 жылдың қара айында жарияланған Сауд Арабиясы мен Йеменнің аумағындағы ИМ-нің уәлаяттары Арабия түбегіндегі Әл-Қағида бөлімшесінің ашу-ызасын тудырды. Бұл уәлаяттар екі елдің аумағында бірқатар лаңкестік актілерді ұйымдастырды, олардың ең жойқыны Йемен астанасы Сана қаласындағы мешіттерде ұйымдастырылды[71].

Ауғанстан және Пәкістан уәлаяты

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

ИМ-нің Ауғанстан мен Пәкістан аймағындағы уәлаяты 2014 жылдың қарашасында жарияланған уәлаяттардың біріншісі болды. Уәлаят Ауғанстан, Пәкістан және осы елдерге шекаралас аймақтарды білдіретін Хорасан (араб.: خراسان‎) атауымен атала бастады. 2015 жылдың қаңтар айында пәкістандық Талибанның бұрынғы командирі Хафиз Саид Хан мен басқа да жиһадилердің жетекшілері Әбу Бәкір әл-Бағдадиге серт берген сәті түсірілген бейнежазба таралды. Сол сәттен бастап бұл бөлімше Ауғанстан мен Пәкістанда орын алған бірнеше лаңкестік актіні өз мойнына алды[71].

Нигерия уәлаяты

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

2015 жылдың наурызында идеологиясы мен әдістері ИМ-ге өте ұқсас нигериялық «Боко Харам» тобының көсемі Әбубәкір Шекау өзінің «халифа» әл-Бағдадиге серт бергенін жариялады. Бұл топ ИМ-нің құрамына Батыс Африка (Ғарб Африқия) уәлаяты ретінде кірді[71].

Кавказ уәлаяты

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

2015 жылдың 23 маусымында Ресей Федерациясы құрамындағы Солтүстік Кавказ елдерінің аумағында Кавказ уәлаяты жарияланды. Әбу Бәкір әл-Бағдади Шешенстан, Дағыстан, Ингушетия, Қабарда-Балқария елдерінің аумағында әрекет етіп жүрген содырлардың сертін қабылдады. Бұрын «Кавказ әмірлігі» (Имарат Кавказ) жетекшілерінің бірі болған дағыстандық Рүстем Әселдеров (Әбу Мұхаммед Кадарский) уәлаяттың басшысы болып тағайындалды[71] (2016 жылы ресейлік қарулы күштердің қолынан қаза тапты).

Басқа уәлаяттар

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Тунисте лаңкестік актілерду іске асырған содырлар ИМ-ге адал екенін жариялады, бірақ бұл елде уәлаят ресми түрде құрылған жоқ. Оңтүстік-Шығыс Азия мен Әш-Шабаб тобы басым Шығыс Африкадан тыс жиһадилер таралған аймақтардың көбісінде ИМ-нің бөлімшелері пайда болды. 2014 жылдың қарашасында Индонезия мен Филиппиндердің аумағындағы содырлар ИМ-ге серт берді деген ақпарат расталды[71].

Жер көлемі мен халық саны

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

2014 жылдың қыркүйек айында АҚШ Ұлттық лаңкестікке қарсы орталығының (NCTC) директоры Мэтью Олсен «Ислам мемлекеті» Тигр мен Евфрат өзендері алабының біраз бөлігін (210 мың км²) бақылап отырғаны туралы мәлімдеді. Бұл Ұлыбритания мемлекетінің ауданымен шамалас территория еді. Бір жыл өткен соң АҚШ Қорғаныс министрлігі коалицияның әуе соққылары мен жердегі операцияларының нәтижесінде ИМ-нің Ирактың солтүстік және орталық бөлігінен және Сирияның солтүстік аймақтарынан кері шегінгені туралы және оның қол астында болған елді мекендердің 20—25 % кері қайтарылғаны туралы баяндады. Қорғаныс министрлігінің бағалауы бойынша, ИМ Иракта шамамен 15—20 мың км² және Сирияда 2—4 мың км² жерінен айрылған екен. Яғни 2014 жылдың тамыз айымен салыстырғанда ИМ-нің Ирактағы территориясы 30—37 % және Сириядағы территориясы 5—10 % кеміген. Бұған қарамастан «Ислам мемлекеті» стратегиялық маңызы бар бірқатар аудандарды басып алды, оның ішінде Ирактың Анбар аймағындағы Эр-Рамади қаласы мен Сирияның Хомс аймағындағы Пальмира қалалары болды[28].

Сарапшылардың пайымдауынша, АҚШ-тың жергілікті ахуал туралы деректері кей жағдайда шындыққа онша жанаспайтын еді. Шын мәнінде ИМ өзіне телінген аймақтардың аз бөлігіне — қалалар, ауылдар, негізгі жолдар, мұнай кен орындары мен әскери нысандарға ғана толық бақылау орнатқан болатын. ИМ-нің қол астында өмір сүріп жатқан халықтың да нақты саны белгісіз болды. Қызыл Крест Халықаралық комитетінің 2015 жылдың наурыз айында жариялаған деректеріне сәйкес, ИМ-нің қол астында 10 млн астам адам өмір сүрген[28].

ИМ билеп-төстеуді армандаған аймақтар.

ИМ жариялаған болашақ халифат жерлерінің картасына сәйкес, Еуропа, Азия және Африка құрлықтарының біраз бөлігі оның құрамына кіруі керек болды. Бұрын Араб халифатының және Осман империясының құрамында болған Еуропа елдері (Испания, Португалия, Балқан түбегі елдері, Румыния, Мажарстан, Аустрия және т. б.) ИМ-нің құрамына кіретін болып белгіленген еді. Ирак пен Сирияны санамағанда, Азиядағы Пәкістан, Үндістанның қиыр шығысы, Ауғанстан, Орта Азия республикалары, Иран, Кавказ елдері (оның ішінде Ресей құрамындағы Кавказ республикалары бар), Қытай құрамындағы Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданы (Шығыс Түркістан), Түркия, Парсы шығанағы маңы және Арабия түбегіндегі елдер, Израиль, Иордания, Ливан ИМ-нің құрамына енуі керек екен. Африкада ИМ-нің қол астына өтуі керек елдердің қатарына Экватордан солтүстікке орналасқан барлық мемлекет жатқызылған[72].

«Ислам мемлекетінің» алдына қойған мақсаттары іске аспай, 2016 жылдан бастап бұл ұйымның қарамағындағы жердің көлемі күрт азайып, көптеген ірі елді мекендерден айырыла бастады[48]. 2016 жылдың соңғы бөлігінде Ирак әскерлері Мосулды өз бақылауына қайтарды, ал 2017 жылы ИМ-нің штаб-пәтері — Сириядағы Раққа қаласы алты айға созылған шайқастың нәтижесінде «Сирия демократиялық күштерінің» (СДК) қолына өтті. 2019 жылдың ақпанында СДК «Ислам мемлекетінің» соңғы бекінісі — Бағуз Фауқани деп аталатын Сирия мен Ирактың шекарасындағы кішкене қала үшін шайқасты бастады. Бір айға созылған қақтығыстың нәтижесінде «Сирия демократиялық күштері» Бағуз Фауқаниді өз бақылауына алды.

Қарулы күштері

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Әскер саны мен ұлттық құрамы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

2015 жылдың ақпан айында АҚШ Ұлттық барлауының директоры Джеймс Клэппер жариялаған мәліметке сәйкес, Ирак пен Сириядағы ИМ жауынгерлерінің саны 20—32 мың адамға жуық болған. АҚШ басқарған коалицияның 2014 жылдың тамызынан бастап жасаған әуе соққыларының нәтижесінде олардың қатары біраз азайды. АҚШ мемлекеттік хатшысының орынбасары Энтони Блинкеннің 2015 жылдың маусымында айтқан мағлұматына сәйкес, көзі жойылған ИМ сарбаздарының саны 10 мыңға жетті[28].

Әскер қатарын толықтыру үшін «Ислам мемлекеті» кей аймақтардың тұрғындарын өз қатарына қосылуға үгіттеді. Ирактық сарапшы Һишам әл-Һашимидің пікірінше, ИМ сарбаздарының тек 30 % ғана идеологиялық себеппен соғысқа қатысқан, ал қалғандары қорқыту мен мәжбүрлеу арқылы әскер қатарына қосылған. ИМ жауынгерлерінің біразы Ирак пен Сирияға еш қатысы жоқ адамдар болды. 2015 жылдың қазан айында АҚШ-тың лаңкестікке қарсы орталығының директоры Николас Расмуссен жариялаған ақпаратқа сәйкес, ИМ 28 мыңнан астам шетелдіктерді өз жағына тартқан екен. Олардың 5 мыңы Батыс елдерінің тұрғындары, оның ішінде АҚШ-тың 250 азаматы. Содырлардың арасында саны жағынан жақын орналасқан араб мемлекеттерінен (Тунис, Сауд Арабиясы, Иордания, Марокко) келген адамдар басым еді[28].

ИМ-нің қатарына қосылған азаматтарының саны жүзден асқан елдердің тізімі (2014—2015 жылғы ақпарат):

ИМ құрамындағы Қазақстан азаматтары

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

2013 жылдың 15 қазанында «Ислам мемлекетінің» қатарында соғысып жүрген 150 қазақ туралы бейнематериал жарияланып, әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсті. Қазақстан билігі бұл адамдардың ел азаматтары екенін растаған да жоқ, жоққа шығарған да жоқ, бірақ Азаттық радиосының тілшілері бұл бейнежазбадағы бірнеше қазақтың аты-жөнін анықтады[90]. ҰҚК төрағасы Нұртай Әбіқаев 2014 жылдың қараша айында «Ислам мемлекеті» содырларының арасында 300 жуық қазақстандықтар бар екенін айтқан болатын. Оның жартысына жуығы әйел азаматтар болып шықты[86]. Сол жылдың 15 қарашасында әлеуметтік желілерде 22 Ирак офицерлері мен сарбаздарын өлтіру сәті түсірілген бейнежазба таралып кетті. Баскесерлердің арасында бір қазақстандықтың бар екені анықталды[91]. Басқа бір бейнежазбада қазақстандық жасөспірім балалардың жүргені анықталды. Бұл балалар негізінен ИМ-нің қатарына қосылған әке-шешелерімен бірге еріп кеткендер[92].

Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 172-бабына сәйкес, «шет мемлекеттің аумағындағы қарулы қақтығысқа немесе соғыс қимылдарына жалдамалылық белгілері болмаған кезде қасақана құқыққа сыйымсыз қатысқан» азамат 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Қару-жарағы және көліктері

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Қару-жарақ жеткізудің икемді жүйесі арқылы ИМ өз жауынгерлерін оқ-дәрімен және атыс қаруымен уақытылы қамтамасыз етіп отырды. ИМ жауынгерлерінде қару-жарақтың көптеген түрлерін қолдану мүмкіндігі болды. Оның ішінде өздігінен жүретін пулемёттер, ракета жөнелтетін қондырғылар, зениттік артиллерия және шағын зениттік-ракеталық жүйелер бар. Бұған қоса олардың қолына Ирак пен Сирия әскерлерінің танкілері мен құрышты техникасы түскен. Бастапқыда АҚШ әскерлеріне арнап жасалған құрыштанған Humvee джиптері мен бомбадан қорғанышы бар көліктер Ирак әскері арқылы ИМ-нің қолына өткен еді. Олардың кейбірі жарылғыш затпен жарақталып, лаңкестік актілер үшін қолданылды[28].

ИМ Toyota пикаптарына қару-жарақ қондырып, «техничкаға» айналдырады.

ИМ өзінің үгіт-насихат материалдарында Toyota компаниясының жол талғамайтын көліктерінің Hilux және Land Cruiser модельдерін өте жиі қолданды, осы джиптер ИМ «брендінің» бір бөлігіне айналып кеткен еді. Бұған назар аударған АҚШ Қаржы министрлігінің лаңкестікке қарсы күреспен айналысатын департаменті Toyota-дан бұл көліктер ИМ-нің қолына қалай түскенін анықтауға көмектесуді сұрады. Toyota өкілдерінің айтуынша, компания өз көліктерін әскери немесе лаңкестік мақсатта қолданатындарға сатпайды екен, бірақ ИМ бұл джиптерді қалай иемденгені белгісіз болып шықты. Ирактық бригада генералы Саад Маанның пайымдауынша, шетелдік делдалдар бұл көліктерді Ирак аумағына контрабанда арқылы жеткізуі мүмкін. Сирия аумағында Toyota көліктерінің сатылымы 2012 жылы тоқтатылған болатын, бірақ 2014 жылы АҚШ мемлекеттік департаменті сириялық оппозиционерлерге осы марканың 43 көлігін жөнелткен болатын, оған қоса бірнеше жылдың ішінде Аустралияның Сидней қаласында 800 жуық Toyota автокөліктері жоғалып кеткен екен. Бұл көліктер ИМ-нің қолына түскен болуы мүмкін деген болжам жасалды[93].

Экономикасы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

«Ислам мемлекеті» — әлемдегі ең бай қарулы топтардың бірі болды. ИМ алғашында Сирия президенті Башар әл-Асадты тақтан тайдырғысы келген ауқатты жеке донорлар мен Таяу Шығыстағы Ислами қайырымдылық қорлардың қаржысын пайдаланды. Аталған қаржы көздері шетелдік содырлардың Ирак пен Сирияға сапарларын қамтамасыз ету үшін қолданылып келді, бірақ уақыт өте келе «Ислам мемлекеті» толық қаржылық тәуелсіздікке қол жеткізді[28]. Forbes журналының Израильдық бөлімшесінің 2014 жылғы зерттеуіне сәйкес, ИМ-нің жылдық қаржы айналымы 2 миллиард АҚШ долларына теңесті[94]. 2014 жылдың маусым айында Мосул қаласы ИМ-нің қолына түсердің алдында ұйым қаржысы «небәрі» 900 млн долларға тең болатын[95]. Бұл сан өте зор болып көрінгенімен, ИМ-нің негізгі қарсыласы АҚШ-тың әскери бюджеті 2014 жылы 580 миллиард долларға тең болғанын естен шығармау керек[50].

Табыс көздері

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

АҚШ Қаржы министрлігінің 2014 жылғы мәліметтеріне сәйкес, ИМ шикі мұнай және мұнай өнімдерін сату арқылы аптасына бірнеше миллион АҚШ долларын тауып отырған екен, яғни бір жылдың ішінде бұл ұйымның пайдасы 100 млн доллардан асуы мүмкін еді. ИМ-нен сатып алынған мұнайды жергілікті делдалдар әрі қарай Түркияға, Иранға немесе Сирия үкіметіне саудалайды. Мұнайға қатысты инфрақұрылымға жасалған әуе шабуылдары бұл табыстың көлемін азайтуға мүмкіндік берді[28].

Жоғарыда аталған табыс көздеріне қоса ИМ 2014 жылы адам ұрлау арқылы кем дегенде 20 млн долларға жуық пайдаға кенелді. Банктерді тонау, көне жәдігерлерді сату, мал және ауыл шаруашылығы өнімдерін ұрлау немесе сатылымын қадағалау да косымша қаржы әкелді. Бұған қоса ИМ бір кездері өз қарамағында өмір сүрген миллиондаған адамды бопсалау арқылы айына бірнеше миллион доллар тауып отырды. ИМ территориясы арқылы сапар шеккен, осы аймақта кәсіп қылған немесе жәй ғана өмір сүрген адамдар да «қорғаныш» үшін ақы төлеуге мәжбүрленді. Өзге дін өкілдері арнайы салық төлеуге міндетті болды[28].

Ислам динары

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

2014 жылдың қараша айында ИМ «Ислам динары» деп аталатын ақша басып шығаратынын мәлімдеді. Барлығы екі түрлі алтын теңге, үш түрлі күміс теңге және екі түрлі мыс теңге шығару жоспарланған болатын. Алтын динардың бірінде бидай сабақтары, екіншісінде әлем картасы бейнеленген. Күміс динарларда найза мен қалқан, Дамаск мешітінің мұнарасы және әл-Ақса мешіті бейнеленген. Мыс динарларда жарты ай мен пальмалардың бейнесі бедерленген. Ең қымбат алтын динардың құны шамамен 694 АҚШ долларына, ал мыс динардың құны небәрі 7 центке тең болады деп белгіленген еді[96]. 2015 жылдың маусым айында алғашқы Ислам динарларының шыққаны белгілі болды. 1 алтын динардың құны 139 долларға тең болып шықты[97].

Идеологиясы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Ислам мемлекеті сәләфи-жиһади-тәкфири идеологиясын ұстанады[98]. Сәләфия-жиһадия сөз тіркесін бұл ұйымның бұрынғы көсемі Әбу Омар әл-Бағдади мен оның орынбасары өз үндеулерінде қолданған болатын. Жиһади ағымы XX ғасырдың соңында «Мұсылман бауырлар» мен сәләфилердің әсерінен пайда болды[99]. ИМ идеологиясының халық арасында қолдау табуының сыры араб елдеріндегі «зайырлы идеологиялардың» (арабшылдық, ұлтшылдық, насеризм, баасизм, батыс либерализмі, коммунизм және т. б.) дағдарысқа ұшырауында жатыр[38].

XX ғасырдың соңғы онжылдықтарында «Мұсылман бауырлардың» белсенділігі мен сәләфилік айрықшалықтың әсері Таяу Шығыста исламистердің күшеюіне әкелді. Бұл топтардың басты шабыттандырушысы — «Мұсылман бауырлардың» мысырлық идеологы Сәйид Қутб. Исламистердің басты мақсаты мұсылман елдеріндегі үкіметтерді құлатып, олардың орнына Ислам мемлекетін орнату еді. Әл-Қағида да осыған ұқсас идеологияны ұстанды, бірақ олар Таяу Шығыста Ислам мемлекетін құру жолындағы бірінші қадам деп Америка Құрама Штаттарына шабуылды санады. Усама бен Ладен халифатты қалпына келтіру туралы көп сөз қозғайтын еді[100].

«Мұсылман бауырлар» 1924 жылы жойылған халифатты мінсіз жүйе ретінде қалпына келтіргісі келді. Олардың қатарынан бөлініп шыққан жиһадилердің халифат құру туралы армандары осы «Мұсылман бауырлардың» мұрасы болуы мүмкін. «Мұсылман бауырлар» халифат мәселесін талқылағанымен, практикалық тұрғыда оны құруға құлшыныс танытқан жоқ. Олар халифат құру ісі дәл қазір іске асырылуға тиіс нәрсе емес, алыс болашаққа арналған жоспар екенін мойындады[99].

«Ислам мемлекеті» идеологиясының тағы бір құрамдас бөлігі — сәләфия (нақтырақ айтқанда оның зорлық-зомбылыққа үйір жиһадия ағымы[101]). «Сәләфия» деп сүнни Ислам ішіндегі «дінді тазартуға» ұмтылған қозғалысты атайды. Сәләфилер басты назарын көпқұдайшылықты (ширк) жою және бірқұдайшылықты (таухид) орнату мәселесіне аударады. Сәләфилер тек өздерін ғана шын мұсылман санайды. Тау-тастарға, әулиелерге, қабірлерге және т. б. заттарға табынып жүрген мұсылмандарды діннен безген кәпірлер деп есептейді. Бұлардың қатарына шииттер, демократтар және демократиялық жүйеге ат салысып жүргендер де жатқызылады. ИМ-нің шииттерге қарсы ұстанымы сәләфилер мен шииттердің арасындағы ежелден ұласып келе жатқан қақтығыстан шыққан[102].

Сәләфилердің негізгі әдебиеті ортағасырлық ғұлама Ибн Таймийа мен оның шәкірттеріне тиесілі. XVIII ғасырда пайда болған Мұхаммед ибн Абдул-Уәһһаб бастаған сәләфилер қозғалысының өкілдері уаһһабилер деп аталып кетті. Сауд Арабиясы патшалығы осы күнге шейін осы Ибн Абдул-Уәһһабтың іліміне берік[102]. Кейбіреулер Сауд Арабиясын ИМ көмек көрсетті деп айыптағанына қарамастан, сәләфилікті дәстүрлі түрде ұстанатын бұл мемлекет «Ислам мемлекетіне» қарсы саясатты жүргізді[103].

Исламист топтардың дамуымен қатар жиһадилер қозғалысының идеологиясын құруға көмектескен тәуелсіз ғұламалардың желісі пайда болды. Бұл ағымның бағытын Әбу Мұхаммед әл-Мақдиси және Әбу Басыр әт-Тартуси секілді ғалымдар белгіледі. Ертеректе Сәйид Қутбтың ықпалында жүрген ғалымдар, уақыт өте одан қашықтап, сәләфилікті ұстана бастады. Сәләфиліктің зорлық-зомбылық аспектілеріне көп көңіл бөлген бұлар, сәләфия-жиһадияның пайда болуына септігін тигізді[100]. ИМ өзінің діни көсемдерін қолдау саясатын жүргізді. ИМ-де беделге ие болған бахрейндік жас уағыздаушы Түрки әл-Бинәли (2017 жылы қаза тапты) өзінің бұрынғы ұстазы әл-Мақдисиді «Ислам мемлекетін» қолдамағаны үшін сынға алды[104].

«Ислам мемлекетінің» сәләфи-жиһадиліктің соншалықты қатал нұсқасын ұстануының себебі осы топтың негізін қалаған Әбу Мұсғаб әз-Зарқауидің көзқарастарында жатыр. Әз-Зарқауи Әбу Мұхаммед әл-Мақдисидің шәкірті болған. Әбу Омар әл-Бағдади және Әбу Хамза әл-Муһажир секілді ИМ-нің алғашқы жетекшілері де сәләфи-жиһадиліктің өкілдері болған[105].

Зорлық-зомбылыққа қарсы сәләфилер қарсыластарын сәләфия-жиһадия деп еш жерде атамайды, оның орнына тәкфиршілік немесе экстремистік атауларын қолданады, себебі олар тәкфир — діннен шығаруды қантөгістерін ақтау үшін қолданады. Оған қоса жиһадилерді атау үшін сәләфилер бағзы заманда пайда болған харижилік ағымының атауын қолданады[101].

ИМ-нің көзқарастарына сәйкес, әр мұсылман «нағыз» мұсылмандықты ұстану керек және «нағыз» мұсылман еместерден бөлінуі керек; Аллаһтың заңдарымен үкім етпеу күпірлік саналады; Ислам мемлекетіне қарсы күресу күпірлікпен тең; барлық шииттер өлім жазасына лайықты кәпірлер; «Мұсылман бауырлар» мен ХАМАС ұйымы Ислам дінін сатқан опасыздар. ИМ-нің бұл көзқарастары сәләфилердің дәстүрлі әдебиетіне негізделген[105].

«Ислам мемлекеті» өз бақылауындағы аймақтарда шариғат заңдарының негізінде билік орнатты. Үкім шығару жұмысымен мүфтилер басқаратын ИМ-нің соттары (қазылары) айналысатын еді[106]. Заңдардың қатаң сақталуын «әл-Хисба» (араб.: الحسبة‎) деп аталатын арнайы шариғат полициясы қадағалайтын[107][108]. Құрамына жаңадан қосылған жерлерде ИМ ең бірінші осы шариғат полициясын құрумен айналысты. Шариғи полициядан басқа ИМ-де кәдімгі полиция да болды, бірақ олар бөлек жұмыс істейтін еді[109].

ИМ тыйым салған (харам) нәрселердің қатарына алкоголдік ішімдіктер ішу мен темекі шегу кіреді. Алкоголь ішкен адам сабалау арқылы жазаланды, темекі шеккен адам айыппұл төлеуге мәжбүр еді. ИМ-ге салық төлемей, контрабандамен айналысқан адамдар айыппұлмен жазаланатын[108]. Автокөліктерінде музыка тыңдағандар мен шариғатқа сай киінбеген әйелдер де жазаға тартылуы мүмкін еді. Әрбір ер адам намаз уақытында міндетті түрде мешітке келуі тиіс болды, бұл уақытта дүкендердің жұмысына тыйым салынды[107]. Батыс БАҚ-тары көбінесе дене мүшелерін кесу және бас шабу сияқты ауыр жазаларға (худуд) назар аударғанымен, ИМ-нің соттары тағзир деп аталатын жеңіл жазаларды (сөгіс, ескерту, тәрбиелік сөз) да қолданатын еді[109].

Үгіт-насихат

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

«Ислам мемлекетінің» содырлары Әл-Қағида көсемі Айман әз-Зауаһиридің «жүректерді жаулау» туралы кеңесіне құлақ түрмесе де, өзінің жолдауларын тарату үшін әлеуметтік медиа құралдарын шеберлікпен қолданды. Әлемдегі ең қатыгез лаңкестік ұйымның үгіт-насихаты да жоғары деңгейде ұйымдастырылды. «Әл-Хаят» деп аталатын ИМ-нің медиа орталығы жүздеген бейнежазба жариялап үлгерді. Оның ішінде бірнеше минуттық бейнежазбалардан бастап, ұзақтығы бір сағатқа жететін фильмдер бар. Олардың көп бөлігінде Голливуд стиліндегі әдіс-тәсілдер мен арнайы эффектілер қолданылған. ИМ жариялаған «Қылыштар шылдыры» («Салил әс-сауарим», араб.: صليل الصوارم‎) атты фильмнің 4-ші бөлімін The New York Times газетінің сыншысы Дэвид Каррдың өзі мақтады. ИМ-нің үгіт-насихатын Интернет желісінде тарататын көптеген «жанкүйері» бар еді. Twitter әлеуметтік желісінде қаптап жүрген оларды тоқтату мүмкін болмады[110].

ИМ Батыс елдерінде уағыз-насихатын тарату үшін 2014 жылдың шілде айында ағылшын тілінде «Дабиқ» (ағылш. Dabiq) журналын жариялай бастады. Оның атауы Алеппо қаласынан солтүстікке қарай орналасқан Дабиқ елді мекенімен байланысты. Мұхаммед пайғамбардан ﷺ жеткен хадиске сәйкес, Ақырет күнінің алдында христиандар («римдіктер») мен мұсылмандар арасындағы ақтық шайқас дәл осы жерде орын алады[111]. «Дабиқ» журналы ИМ-нің негізгі басылымы саналды[112][113]. Журналдың сыртқы көрінісі Батыстың бірқатар атақты басылымдарына ұқсап бақты және мінсіз ағылшын тілімен жазылды[114]. «Дабиқты» басып шығару жұмысымен «Әл-Хаят» орталығы айналысты[115]. Бұл журналдың шығарылымы 2016 жылдың жазында ИМ Дабиқ қаласынан айырылғаннан кейін тоқтатылды. Оның орнын басқан «Румия» журналы ұзаққа бармай, 2017 жылдың қыркүйегінен кейін жарияланған жоқ.

Әскер қатарына қосылуға үгіттеу

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

ИМ-нің Батыс елдерінде ұйым қатарына қосылуға үгіттейтін арнайы адамдары болды. «Ислам мемлекеті» әскерінің қатарында АҚШ, Ұлыбритания, Канада секілді халқының көп бөлігі мұсылман емес елдердің азаматтары шайқасты. Олардың көбісі Исламды жақында қабылдаған, дін туралы білімі аз адамдар еді. Өзіне қосылған шетелдіктерді ИМ топ қатарына жаңа жауынгерлерді тарту үшін «жарнама» ретінде қолданды. Twitter және Ask.fm сияқты әлеуметтік желілер ИМ-нің қатарына қалай қосылуды үйрету үшін пайдаланылды. Ұйымға қосылуға ынта танытқан адамды тексеру үшін ИМ-нің өкілдері мұқамдау және прокси-серверлерді пайдаланып сұхбат жүргізді, Skype арқылы оның бет-әлпетін анықтады. Барлығы келісілгеннен кейін, ИМ бақылап тұрған аймаққа жету жолдары қарастырылатын еді. Көбінесе бұл үшін Түркия арқылы өтетін бағыт таңдалды. Ұйым қатарына қосылғандарға жалақы төленді, үйленгендер мен сол жаққа жеткеннен кейін неке қиғандар үшін сыйлық қарастырылған еді[116]. Өз қатарына қосылуға ерлермен қоса әйел адамдарды үгіттеу арқылы ИМ болашақта толыққанды қоғам құруды қалады. ИМ-нің қатарына қосылғысы келіп, ұйымның рекруттеріне байланысқа шыққан мұсылман әйелдер үшін де Сирияға аттануға жағдай жасалды[117]. Бұның мысалы ретінде ресейлік студент қыз Варвара Карауловамен болған жағдайды келтіруге болады. Ол ИМ-нің мүшесі, Сирияға аттанған Қазан қаласының тұрғынына ғашық болып, оған қосылу үшін сапарға аттанды, бірақ Түркия мен Сирия шекарасында тәртіп сақшыларының қолына түсіп, оған қарсы қылмыстық іс қозғалды[118].

Интернет желісіндегі танымалдығы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

2015 жылдың қорытындыларына сәйкес «Ислам мемлекеті» туралы мақала қаралу саны бойынша ағылшынша Уикипедияда 3-орынды, немісше Уикипедияда 4-орынды, французша Уикипедияда 4-орынды, итальянша Уикипедияда 5-орынды, датша Уикипедияда 7-орынды, парсыша Уикипедияда 9-орынды, чехше Уикипедияда 4-орынды, шведше Уикипедияда 7-орынды, финше Уикипедияда 9-орынды иеленді[119]. Бір жыл бұрын ИМ туралы мақала Уикипедияның тек арабша, түрікше және парсыша бөлімдерінде үздік ондыққа кірген болатын (сәйкесінше: екінші, оныншы және үшінші орын)[120].

Google іздеу жүйесі 2015 жылдың аяғында жариялаған мәліметке сәйкес, ISIS (яғни ағылш. Islamic State of Iraq and Sham) сауалы «Жаһан жаңалықтары» санатында 4-орынды иеленді[121]. «ВКонтакте» әлеуметтік желісінің жыл соңында жариялаған есебіне сәйкес, «Ислам мемлекеті» ең көп талқылаған тақырыптардың арасында 6-орынға ие болды[122].

Адам құқықтары және әскери қылмыстар

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Құлдық және адам саудасы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

«Ислам мемлекетіне» құлдыққа түскендердің саны шамамен 3,5 мың адам болуы мүмкін (2015 жыл, БҰҰ мәліметі)[123]. Құлдық жасырын түрде іске асырылатын Тайланд, Сенегал сияқты мемлекеттерге қарағанда ИМ-нің қол астындағы аймақтарда адамдарды құлдыққа айдау заңдастырылды. ИМ-нің қолына түскен мұсылман емес (яғни кәпір) әйелдер күңдерге айналып, құдды мал-мүлік секілді сатылымға да шығарылуы мүмкін еді. Құлдыққа түскен әйелдердің иелеріне олармен жыныстық қатынасқа түсуге (тіпті ол бойжеткен болмаса да), басқа адамдарға сатуға, тәрбиелік мақсатта қол жұмсауға құқық берілді[124]. Өзінің Батысқа айтылған қоқан-лоқы сөздерінде ИМ-нің ресми өкілі әл-Аднани Римді басып алғаннан кейін олар христиан крестерін сындырып, әйелдерін күңдерге айналдыртынын айтты[117].

ИМ-дегі адам саудасының негізгі құрбандары — езид әйелдері. Басқа діндерді ұстанатын әйелдердің жаппай құлдыққа түскені туралы ақпарат жоқ. Езидтердің бұл жағдайға түсуінің себебі олар Ислам дінінде христиандар мен яһудилер секілді Кітап иелері қатарына жатпайды, көпқұдайшылар болып саналады[125].

Адамдарды жаппай қыру

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

«Ислам мемлекетінің» Ирактағы нысаналары — бұл ұйымның билігіне мойынсұнбағандар, Ирак қауіпсіздік күштері мен полиция қызметкерлері, шенеуніктер, Ирак үкіметінің қызметкерлері, Парламент пен аймақтық Кеңестердің мүшелері, діни көсемдер мен тайпа басшылары, журналистер, заңгерлер, дәрігерлер және т. б. әскери емес адамдар еді. Сонымен қатар соғысудан немесе басқа да әрекеттерден бас тартқан топ мүшелері өлтірілгені туралы ақпараттар бар[123]. 2014 жылдың 12 маусымында Салах әд-Дин ауданында ИМ-нің қолына түскен 1,5 мың Ирак сарбазы мен қауіпсіздік күштерінің қызметкерлері қырғынға ұшырады. Адамдарды жаппай өлтіру Салах әд-Дин, Найнауа, Дияла және Киркук аудандарында орын алғаны белгілі болды[126].

Өлім жазасына кесу

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

«Ислам мемлекеті» адамның басын шабу секілді ауыр жазаларды қолдану арқылы жауларын арандатып, өз қатарына жаңа сарбаздарды тартуды мақсат етті. Бас шабумен қатар, жаза ретінде ату және тас лақтырып өлтіру қолданылғаны туралы бірқатар деректер бар. Жаза туралы үкім шығарумен ИМ тағайындаған қазылар айналысатын еді[126]. Үлкен сынға қарамастан ИМ бас шабудың діни негізі бар екенін алға тартты, себебі бас шабу туралы Құранда айтылған және Мұхаммед пайғамбардың ﷺ өзі осы жазаны қолданған деген деректер бар. Шариғатты қатаң ұстанатын Сауд Арабиясы да бас шабу арқылы өлім жазасына кесу әдісін әлі күнге дейін қолданып жүр, Қатар және Иран мемлекеттерінің заңдарында да ауыр қылмыс жасағандарға бас шабу жазасы қарастырылған[127].

Әйелдердің жағдайы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Бір кездері ИМ Ирактың Мосул қаласындағы әйелдердің жыныстық мүшелеріне зақым келтіру арқылы «піштіруге» бұйрық берді деген қауесет тарап кеткен болатын. Артынан бұл хабардың шындыққа жанаспайтыны белгілі болды. Әйелдерге деген қатынас бұндай жан түршігерлік деңгейге жетпесе де, ИМ-дегі нәзік жандылардың жағдайы ауыр болды. ИМ-нің астанасы саналатын Раққа қаласында әйел адамдар көшеге қамқоршысыз шыға алмайтын және сыртқа шыққанда денесін толығымен жабуға міндетті болды, әйтпесе қамауға алынып, соққыға жығылуы мүмкін еді. Әйелдерге бақылау жүргізу үшін ИМ құрамына тек әйелдер кіретін «Әл-Ханса» бригадасын құрды[128].

Балалардың жағдайы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

ИМ-ге ерікті түрде қосылған немесе ұрланған ер балалар әр түрлі әскери және діни лагерьлерге орналастырылды. Сол жақта олар шариғатты оқып, қару-жарақ қолдануды үйренді. Сириялық дереккөздерге сенсек, содырлар қуыршақтарды қолданып балаларға адамның басын қалай кесуді үйреткен екен. Басқа дерекке сәйкес, ИМ балаларды тірі қорған ретінде қолданып, олардың қанын жарақаттанған сарбаздарға құйдырған. БҰҰ сарапшыларының пайымдауынша, Мосул қаласында 12—13 жасар балалар ИМ ұйымдастырған әскери дайындықтан өткен, бірақ ИМ-нің ресми өкілі ер балалар әскери жиындарға 16 жастан бастап қатыса алатынын жариялады[129].

Гомосексуалдардың жағдайы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Сириядағы азаматтық соғыстың алдында гомосексуалдылығы анықталған ер адамдар жазадан пара беріп құтыла алатын еді, ал ИМ содырларының қолдарына түскен гомосексуалдарды тек өлім жазасы ғана күтіп тұратын. Дәстүрлі емес жыныстық қатынасқа үйір ер адамдар көпшіліктің көзінше биіктіктен құлату, тас лақтыру және бас шабу арқылы жазаланды[130].

Басқа дін өкілдерінің жағдайы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

ИМ мұсылман-шииттерді «кәпірлер» және «опасыздар» деп санады, сондықтан олардың көзін жоюға тырысып бақты. Әл-Қағида мен басқа да топтар шииттерді оңды-солды өлтіре беруге болмайтынын айтқанымен, ИМ олардың сөзіне құлақ аспады. ИМ АҚШ және Еуропа сияқты «алыс» жаулардан гөрі бар күшін шииттерге қарсы жұмсауды жөн көрді. Израиль Газа секторындағы мұсылмандарды бомбалағаннан кейін кейбір содырлар «Ислам мемлекетін» палестиналықтарға ешқандай көмек көрсетпегені үшін айыптағанда, ұйым өкілдері шииттерге қарсы күрес барлығынан да маңызды екенін алға тартты[131]. ИМ-нің пайымдауынша, АҚШ пен зайырлы араб мемлекеттерінің билік басындағылары шииттермен келісіп, Таяу Шығыстағы сүннилердің ықпалын азайтуға тырысып бағып жүр, Иракты шииттердің мемлекетіне айналдырғысы келеді екен[132].

Езидтер (йезидтер) деп Ирактың солтүстігі мен Кавказ мемлекеттерінде тұратын діни ағымның өкілдерін атайды. Мұсылмандар мен басқа да дін өкілдері езидтерді Шайтанға табынушылар деп санайды. ИМ-нің содырлары езидтердің елді мекендеріне шабуыл жасағаннан кейін 130 мыңға жуық езид елдің солтүстігіндегі күрдтердің қол астына қашып кетті, 40 мыңға жуық босқын езид Синжар тауындағы үңгірлерге тығылуға мәжбүр болды[133]. Езид әйелдері ИМ-дегі адам саудасы мен зорлаудың негізгі құрбандарына айналды[125]. Езидтердің ресми мәліметіне сәйкес, 2014 жылдың тамыз айнынан бастап ИМ бұл халықтың 5838 өкілін тұтқынға түсірген екен (3192 әйел және 2646 ер адам). Олардың 2258 сол жылдың қазан айында дейін тұтқыннан босап шыққан (311 ер, 847 әйел, 533 қыз және 567 ер бала)[123].

Христиандар

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Шариғатқа сәйкес, өзге дін өкілдеріне қарағанда христиандар мен яһудилердің мәртебесі бөлек, себебі олар Ислам секілді монотеистік діндердің қатарына жатады. ИМ-нің содырлары талай рет христиан дінін ұстанатын адамдарға шабуыл жасап, христиан тұтқындардың басын шапқанына қарамастан, бұл дін өкілдері әрдайым жау ретінде қарастырылмайтын еді. ИМ «Ирак Ислам мемлекеті» деп аталып жүрген кезде жергілікті христиандар бұл ұйымның қамқорлығына алынған болатын. 2014 жылы ИМ астанасы Раққа қаласының христиандары да осындай қамқорлыққа алынғаны белгілі болды. ИМ-нің заңдары бойынша, христиандар Ислам қабылдап, мұсылман бола алады немесе арнайы салық төлеп, өз дінінде қала алады. Осының біреуін таңдамаған христиандарға ИМ соғыс жариялайтын[134].

Көне жәдігерлерді жою және сату

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Бел ғибадатханасы, Пальмира. 2015 жылы ИМ оны жойды.

«Ислам мемлекеті» жоюға ұмтылатын нәрселердің ішінде ежелгі заманның жәдігерлері де бар. ИМ Мосул мұражайында зілбалғаларды, Пальмирада жарылғыш заттарды және Нимрудта шойбалға, бульдозерлер мен жоғарыда аталған нәрселерді қолданып көне жәдігерлердің көзін құртқаны белгілі. Меккені басып алғанда барлық пұттарды бұзған Мұхаммед пайғамбардың ﷺ жолын қуған ИМ содырлары бағзы замандардан қалған пұттарды жоюды мақсат етті. ИМ өкілдері бұл жәдігелердің құны тіпті миллиардтаған долларға тең болса да алған беттерінен қайтпайтынын жеткізді[135].

Әбу Сайяф есімді ИМ-нің өкілі құнды жәдігерлер болуы мүмкін аймақтарды анықтап, сосын жергілікті тұрғындарға қазба жұмыстарын жүргізуге рұқсат беріп отырған. Табылған құнды заттарды Әбу Сайяф сатып, қаржының бір бөлігін салық ретінде алып, қалғанын жұмысшыларға үлестіріп тұрған. ИМ-нің содырлары үшін пұттар мен ежелгі мүсіндерді сатуға қатаң тыйым салынған болатын. Әбу Сайяф Сирияда болған алты ай ішінде ИМ қазынасына салық ретінде 265 мың АҚШ долларын түсірген[135].

Кейбір БАҚ өкілдері ИМ құнды жәдігерлерді сату арқылы миллиондаған доллар тауып жүргенін жариялаған болатын, бірақ бұл шындыққа онша жанаспайды. Көне бұйымдарды сату арқылы ИМ өзінің басқа табыс көздеріне қарағанда әлдеқайда аз пайда табады. Зерттеушілердің деректеріне сәйкес, көне жәдігерлерді тонау әрекеттері ең аз орын алатын, бірақ асқан ашкөздікпен және мұқияттылықпен жүргізілетін аймақтар — ИМ мен Сирия билігі басқаратын жерлер. Күрдтер мен басқа көтерелісшілер бақылайтын аймақтарда олардың саны әлдеқайда көп[135].

Ислам мемлекетіне тыйым салған елдер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

АҚШ, Аустралия, БАӘ, Индонезия, Иордания, Қырғызстан, Малайзия, Мысыр, Пәкістан, Ресей, Сауд Арабиясы, Сирия, Түркия, Үндістан, Ұлыбритания сияқты елдер «Ислам мемлекетін» лаңкестік ұйым ретінде мойындаған. 2015 жылдың 15 қазанында Есіл аудандық соты «Ислам мемлекетін» лаңкестік ұйым деп танып, оның қызметіне Қазақстан аумағында тыйым салу туралы шешім қабылдады[136].

2015 жылдың 20 қарашасында БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесі «Ислам мемлекеті» халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке бұрын соңды болмаған қауіп төндіргенін мәлімдеп, мүше мемлекеттерді ИМ Ирак пен Сирияда ұйымдастырып жүрген лаңкестік актілерін тоқтатуға бар күштерін жұмсауға үндеді[137]. 17 желтоқсан күні БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі № 2253 резолюцияны бірауыздан мақұлдады. Оған сәйкес Ислам мемлекетін қолдаған жеке және заңды тұлғалар санкция тізіміне енгізілетін болды[138].

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. a b Islamic State in Iraq and the Levant (ISIL). // Encyclopaedia Britannica, 2015-04-21 (ағыл.)
  2. By George Friedman. The Middle Eastern Balance of Power Matures. // Stratfor, 31.03.2015 Үлгі:Начало цитатыA battle rages in Tikrit with the Sunni Islamic State and its allies on one side, and a complex combination of the Shiite-dominated Iraqi army, Shiite militias, Sunni Arab tribal groups and Sunni Kurdish forces on the other.Үлгі:Конец цитаты
  3. Simon Henderson. Coup in Yemen: Saudi Arabia’s Nightmare. // Үлгі:Нп3, 20.01.2015 Үлгі:Начало цитатыFor Saudi Arabia, the events in Sana mean Riyadh must increasingly cope with two fronts: Sunni ISIS forces to the north, and Shiite Houthi forces — in Saudi terms, Iranian proxies — to the south.Үлгі:Конец цитаты
  4. Iraq, Syria Need to Defeat Islamic State — US Defense Secretary. // sputniknews.com, 30.03.2015 Үлгі:Начало цитатыThe Islamic State is a Sunni extremist group that has taken over large portions of Syria and Iraq, and declared a caliphate on the territories under its control.Үлгі:Конец цитаты
  5. Воробьёв, 2016
  6. a b c d e f g h i j k l Islamic State in Iraq and the Levant (ISIL) // Encyclopædia Britannica — Encyclopædia Britannica Inc., 2015.
  7. a b c Исламское государство // Энциклопедия Кругосвет.
  8. Cole Bunzel, 2015, p. 3
  9. Ирак және Леванта ислам мемлекеті қазақстандықтарды өз қатарына тартуда. Tengrinews (27 маусым 2014).
  10. Ирак пен Сирияның бұрынғы, бүгінгі және болашақ картасы. Азаттық Радиосы (13 маусым 2014).
  11. Ирак армиясы елдің батысында лаңкестікке қарсы кең ауқымды операция өткізуде. Қазинформ (4 қаңтар 2014).
  12. Secretary-General's remarks to Security Council High-Level Summit on Foreign Terrorist Fighters  (ағыл.). United Nations (24 қыркүйек 2014).
  13. Файсал Иршад ИЛИМ, ИШИМ, ИМ немесе ДАИШ? Бір ұйым, көп атау // Би-Би-Си. — 2 желтоқсан 2015.
  14. Іздеу нәтижелері: ИГИЛ. BAQ.KZ.
  15. Бұл жерде ұйымның қысқаша атауы ДИИШ емес ДАИШ болуының себебі араб тілінде Исламия сөзінің бірінші әрпі әлиф жеке тұрғанда «а» болып оқылады
  16. Джон Стоун Неге Дэвид Кэмерон ИШИМ-ді ДАИШ деп атайды? // The Independent. — 3 желтоқсан 2015.
  17. Қазақстан ҰҚК басшысы "Ислам мемлекеті" атауын қолдануға қарсы шықты // Тенгриньюс. — 29 маусым 2015.
  18. Rainer Grote, Tilmann Röder, 2012, p. 78
  19. Rainer Grote, Tilmann Röder, 2012, p. 687
  20. Rainer Grote, Tilmann Röder, 2012, p. 8
  21. Rainer Grote, Tilmann Röder, 2012, p. 10
  22. Уильям Маккэнтс ИШИМ өзінің байрағын қалай алды // The Atlantic. — 22 қыркүйек 2015.
  23. a b Кайл У. Ортон Саддам Хусейн бізге ИШИМ-ді қалай берді // The New York Times. — 23 желтоқсан 2015.
  24. a b Cole Bunzel, 2015, p. 13
  25. a b c Питер Уэлби ИШИМ деген не? (en) // Tony Blair Faith Foudation. — 16 қараша 2015.
  26. Бобби Гош ИШИМ: Қысқаша тарихы (en) // The Atlantic. — 14 тамыз 2014.
  27. Cole Bunzel, 2015, p. 14
  28. a b c d e f g h i j k l m n o «Ислам мемлекеті» дегеніміз не? (en) = What is 'Islamic State'? // Би-Би-Си. — 2 желтоқсан 2015.
  29. a b Дэвид Игнатиус Ислам мемлекеті Таяу Шығыста қалай таралды (en) // The Atlantic. — 29 қазан 2015.
  30. Cole Bunzel, 2015, p. 15—17
  31. Cole Bunzel, 2015, p. 17
  32. Cole Bunzel, 2015, p. 20
  33. Cole Bunzel, 2015, p. 21—22
  34. Cole Bunzel, 2015, p. 19—20
  35. Cole Bunzel, 2015, p. 22
  36. Cole Bunzel, 2015, p. 23
  37. a b Артем А. Кобзев Жиһад бойынша чемпиондар (ru) // Lenta.ru. — 7 шілде 2014.
  38. a b Федорченко А. В., Крылов А. В, 2015, б. 177
  39. Аарон Зелин Әбу Бәкір әл-Бағдади: Ислам мемлекетінің қозғаушы күші (en) // Би-Би-Си. — 31 шілде 2014.
  40. Федорченко А. В., Крылов А. В, 2015, б. 175
  41. Cole Bunzel, 2015, p. 24
  42. Cole Bunzel, 2015, p. 25
  43. Cole Bunzel, 2015, p. 26—27
  44. a b Cole Bunzel, 2015, p. 29
  45. Макс Фишер The secret plot behind the creation of ISIS // Vox. — 20 сәуір 2015. (ағыл.)
  46. Ишан Тарур Жаңа Ислам халифаты және оның тарихқа қарсы соғысы // The Washington Post. — 30 маусым 2014. (ағыл.)
  47. Кон Колин Бұл ИШИМ-нің Ирактағы соңының басы ма? // The Telegraph. — 30 желтоқсан 2015.
  48. a b ИШИМ халифатының көтерілуі мен құлауы // The Guardian. — 24 наурыз 2019.
  49. Президент Дональд Трамптың ИШИМ басшысы Әбу Бәкір әл-Бағдадидің өлімі туралы айтқан сөздері // Ақ үй, Вашингтон. — 27 қазан 2019.
  50. a b c d e Доминик Тирни ИШИМ адамгершілікке қарсы // The Atlantic. — 12 қазан 2015.
  51. a b c d e f g h i j k Ислам мемлекеті: Негізгі елдер қайда тұр // Би-Би-Си. — 3 желтоқсан 2015.
  52. a b c Александр Ермаков Күн құжаты: Үшінші крест жорығы // Lenta.ru. — 5 наурыз 2015. (орыс.)
  53. Александр Братерский, Владимир Ващенко, Екатерина Згировская Халифатқа қарсы бригада // Gazeta.ru. — 22 қаңтар 2016. (орыс.)
  54. Арин Бейкер Неге Башар әл-Асад ИШИМ-мен күреспейді // Time. — 26 ақпан 2015. (ағыл.)
  55. a b Ресей ИМ-ге қатысы жоқ топтарға әуе соққыларын жасағанын мойындады // The Guardian. — 1 қазан 2015. (ағыл.)
  56. Құқық қорғаушылар: Ресей Федерациясының әуе соққылары мыңдаған бейбіт тұрғынның өмірін үзді // Deutsche Welle. — 20 қаңтар 2016. (орыс.)
  57. a b c Шив Мәлік, Әли Юнус, Спенсер Аккерман, Мұстафа Халили ИШИМ Әл-Қағиданы қалай бұзды // The Guardian. — 10 маусым 2015. (ағыл.), орысш.
  58. a b c Дауд Азами Неге Талибанның арнаулы күштері Ислам мемлекетімен шайқасуда // Би-Би-Си. — 18 желтоқсан 2015. (ағыл.)
  59. Том Портер ИШИМ: «Ән-Нұсра» майданының лаңкестік қатері ДАИШ-пен қақтығысының аясында айқын көріне бастады // International Business Times. — 5 желтоқсан 2015. (ағыл.)
  60. Нил Арун Күрдтерге қарсы Ислам мемлекетіне қарсы Түркия: Не болып жатыр? // Би-Би-Си. — 12 тамыз 2015. (ағыл.)
  61. Йоланда Нелл ХАМАС Ислам мемлекетін Газада тоқтата алады ма? // Би-Би-Си. — 12 маусым 2015. (ағыл.)
  62. a b c Айдан Льюис Ислам мемлекеті қалай жұмыс істейді (en) = Islamic State: How it is run // Би-Би-Си. — 22 мамыр 2015.
  63. Шив Малик The Isis papers: leaked documents show how Isis is building its state (en) // The Guardian. — 7 желтоқсан 2015.
  64. Уильям МакКэнтс Ислам мемлекеті қалай күллі әлемге соғыс ашты // Foreign Policy. — 16 қараша 2015.
  65. Cole Bunzel, 2015, p. 19
  66. Discours prononcé à Montluçon dans le cadre du meeting de soutien à Laurent Wauquiez en Auvergne Rhône-Alpes  (фран.). Force républicaine (20 қараша 2015).
  67. a b c Куинн Мекам Ислам мемлекеті қаншалықты дңгейде мемлекет болып табылады? // The Washington Post. — 5 ақпан 2015.
  68. Ислам мемлекеті және мемлекеттілік туралы идея // Би-Би-Си. — 6 қаңтар 2015.
  69. Мартин Чулов Ислам мемлекеті Әбу Бәкір әл-Бағдади қаза тапқаннан кейін жаңа басшысының есімін жариялады // The Guardian. — 31 қазан 2019. (ағыл.)
  70. Ислам мемлекетінің көп мемлекеті // The Soufan Group. — 27 мамыр 2015. (ағыл.)
  71. a b c d e f g h Ислам мемлекеті Әл-Қағиданың ықпал аймағына қозғала бастады // Би-Би-Си. — 25 маусым 2015. (ағыл.)
  72. Ulrike Botzenhart Kreuzigung als Beweis ihrer Ordnung // Kurier. — 30 маусым 2014. (нем.)
  73. a b c The names: Who has been recruited to ISIS from the West. CNN (25 ақпан 2015).
  74. Nearly 1,700 Russians Fighting For ISIS in Iraq: Report. International Business Times (20 ақпан 2015).
  75. a b c d e f g h i j k l m n o p q r s Peter R. Neumann Foreign fighter total in Syria/Iraq now exceeds 20,000; surpasses Afghanistan conflict in the 1980s. Department of War Studies, King’s College London (26 қаңтар 2015).
  76. Yeginsu Ceylan ISIS Draws a Steady Stream of Recruits From Turkey. The New York Times (15 қыркүйек 2014).
  77. 100 deutsche ISIS-Kämpfer in Syrien und im Irak getötet. Bild.
  78. a b Julien Gradot Why Malaysia has a problem with Islamic State. The Malay Mail (21 қазан 2015).
  79. a b Tomovic Dusica Hundreds of Balkan Jihadists Have Joined ISIS, CIA Says. Balkan Insight (17 қыркүйек 2014).
  80. 300 Chinese are fighting alongside ISIS in Iraq, Syria. The New York Post (15 желтоқсан 2014).
  81. Kosovo Charges Seven With Islamist Terrorism. Balkan Insight (3 наурыз 2015).
  82. Fears up to 300 Swedes fighting with Isis. The Local (23 қараша 2014).
  83. HOW many? Authorities claim 'up to 250' Australians are linked to ISIS terrorists. Daily Mail (31 қазан 2014).
  84. Azerbaijanis Killed In Syria, Pro-Government Outlets Report. Radio Free Europe/Radio Liberty.
  85. Austria passes controversial reforms to Islam law banning foreign funding. The Telegraph (25 ақпан 2015).
  86. a b «Ислам мемлекеті» тобының қатарында 150 қазақстандық әйел соғысып жүр — ҚР ҰҚК // Тенгриньюс. — 18 қараша 2014. (орыс.)
  87. New Norwegians take top roles in Isis jihadi group. The Local (12 ақпан 2015).
  88. Police arrest seven for recruiting women for Isis. The Local (16 желтоқсан 2014).
  89. Canadians have joined ISIS to fight – and die – in Syria. CNN (10 қыркүйек 2014).
  90. Сириядағы «қазақ жиһадшылары» // Азаттық радиосы. — 25 қараша 2013.
  91. Ренат Ташкинбаев ИШИМ баскесерлерінің арасында қазақстандық бар — Сарапшы // Тенгриньюс. — 19 желтоқсан 2014. (орыс.)
  92. Ренат Ташкинбаев Бас прокуратура ИШИМ бейнежазбасындағы қазақстандық балаларды анықтады // Тенгриньюс. — 19 желтоқсан 2014. (орыс.)
  93. Мэтью Моск, Брайан Росс, Алекс Хозенболл АҚШ өкілдері ИШИМ сонша Toyota көліктерін қайдан алды деп сұрауда // ABC News. — 6 қазан 2015.
  94. Әлемнің ең бай 10 лаңкестік ұйымы // Forbes. — 12 желтоқсан 2014.
  95. Сирия, Ирак: Ислам мемлекеті қарулы тобы // Би-Би-Си. — 2 тамыз 2014.
  96. Джози Энсор Ислам мемлекеті өзінің ақшасын жариялады // The Telegraph. — 14 қараша 2014.
  97. Колин Фриман Ислам мемлекеті «Ислам динары» деп аталатын өз теңгелерін шығарып жатыр // The Telegraph. — 23 маусым 2015.
  98. Yonah Alexander, Dean Alexander, 2015, p. 18
  99. a b Cole Bunzel, 2015, p. 7—8
  100. a b Cole Bunzel, 2015, p. 9
  101. a b Джейкоб Олидорт Ислам мемлекетінің идеологиясы туралы дұрыс сұрақ // War on the Rocks. — 24 желтоқсан 2015.
  102. a b Cole Bunzel, 2015, p. 8—9
  103. Сауд Арабиясы Ислам мемлекеті үшін айыпты ма? // Би-Би-Си. — 19 желтоқсан 2015.
  104. Cole Bunzel, 2015, p. 11
  105. a b Cole Bunzel, 2015, p. 10
  106. Анмар әш-Шаммари, Гилгамеш Набил Ислам мемлекеті экстремистері Ирак қалаларында қатал діни заңдардың орындалуын бақылап жүр // The Huffington Post. — 4 тамыз 2014. (ағыл.)
  107. a b ИШИМ-нің қол астындағы өмір // Epoch Times. — 18 маусым 2015. (ағыл.)
  108. a b Майкл Вейсс ИШИМ-нің азаптау бригадаларының ішінде // The Daily Beast. — 17 қараша 2015. (ағыл.)
  109. a b Abdel Bari Atwan, 2015, p. 139
  110. Саймон Котти Неге ИШИМ-нің үгіт-насихатын тоқтату сондай қиын // The Atlantic. — 2 наурыз 2015. (ағыл.)
  111. Жиль Фрейзер Ислам мемлекеті үшін Дабиқ маңызды, бірақ бұл ақыр заман емес // The Guardian. — 10 қазан 2014. (ағыл.)
  112. Далия Ғанем-Язбек Ислам мемлекеті: құлдырау қаупі?. — Carnegie Middle East Center, 15 желтоқсан 2014. (ағыл.)
  113. Патрик Генсинг Ислам мемлекеті «кресшілерге» қарсы соңғы шайқас үшін не істеуде? // Tagesschau. (нем.)
  114. Sami Moubayed Under the Black Flag: At the Frontier of the New Jihad — I.B.Tauris, 2015. — P. 144—145. — 256 p. — ISBN 9780857729217.
  115. «Ислам мемлекетінің» журналы Amazon’да сатылуда // Би-Би-Си. — 6 маусым 2015. (ағыл.)
  116. Алессандрия Маси ИШИМ батыстықтарды өзіне қосылуға үгіттеуде // International Business Times. — 9 тамыз 2014. (ағыл.)
  117. a b Грэм Вуд ИСИМ шын мәнінде нені қалайды // The Atlantic. — наурыз 2015.
  118. Варвара Караулованың ісі // Meduza. — 28 қазан 2015. (орыс.)
  119. Most viewed articles on Wikipedia 2015  (ағыл.).
  120. Most viewed articles on Wikipedia 2014  (ағыл.).
  121. Google Trends: көшбасшылар (барлық санаттар). Google (2015).
  122. ИГИЛ. ВКонтакте (24 желтоқсан 2015).
  123. a b c Report on the Protection of Civilians in the Armed Conflict in Iraq: 1 May – 31 October 2015. United Nations Assistance Mission for Iraq/Office Of The High Commissioner For Human (2015). (ағыл.)
  124. Кеннет Рот Құлдық: ИСИМ қағидалары // Human Rights Watch. — 5 қыркүйек 2015.
  125. a b Рукмини Каллимачи ИШИМ зорлау телогиясын бекітуде // The New York Times. — 13 тамыз 2015.
  126. a b Report on the Protection of Civilians in Armed Conflict in Iraq: 6 шілде – 10 September 2014. United Nations Assistance Mission for Iraq/Office Of The High Commissioner For Human (2014). (ағыл.)
  127. Адам Тейлор Сауд Арабиясы мен Ислам мемлекеті бас шабу туралы қалай тіл табысты // The Washinton Post. — 4 қаңтар 2016. (ағыл.)
  128. Кэти Гилсинан ИСИМ-дегі әйелдердің басқа әйелдерді жазалауы // The Atlantic. — 25 шілде 2014.
  129. Кейт Браннен Халифат балалары // Foreign Policy. — 24 қазан 2014. (ағыл.)
  130. Хизер Саул ИШИМ-нің сарбаздары гейлерді Сирияда көпшіліктің алдында өлім жазасына кесерден бұрын құшағына алды // The Independent. — 24 сәуір 2015. (ағыл.)
  131. Фауаз Джерджес Ислам мемлекеті: оның жабайылығын түсіндіруге бола ма? // Би-Би-Си. — 9 қыркүйек 2014. (ағыл.)
  132. Гари Фойерберг Сарапшы: ИШИМ Әл-Қағидадан да радикалды // Epoch Times. — 16 наурыз 2015. (ағыл.)
  133. Куәгер Иракта тұзаққа түскен езидтердің мүшкіл халы туралы баяндауда // Би-Би-Си. — 7 тамыз 2014.
  134. Ислам мемлекетінің христиандарға көзқарасы // Би-Би-Си. — 27 ақпан 2014.
  135. a b c Бен Тауб ИШИМ сататын көне жәдігерлердің шын бағасы // The New Yorker. — 4 желтоқсан 2015.
  136. Соттың шешіміне сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында тыйым салынған шетелдік ұйымдардың тізімі. Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері комитеті.
  137. Security Council ‘Unequivocally’ Condemns ISIL Terrorist Attacks, Unanimously Adopting Text that Determines Extremist Group Poses ‘Unprecedented’ Threat  (ағыл.). United Nations (20 қараша 2015).
  138. Security Council Committee pursuant to resolutions 1267 (1999) 1989 (2011) and 2253 (2015) concerning ISIL (Da'esh) Al-Qaida and associated individuals groups undertakings and entities  (ағыл.). United Nations Security Council Subsidiary Organs.

Қосымша әдебиет

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Сыртқы сілтемелер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Ортаққорда бұған қатысты медиа санаты бар: Islamic State of Iraq and the Levant