Мазмұнға өту

Итошаған

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Итошаған
түкті итошаған
Ғылыми топтастыруы
Дүниесі: Өсімдіктер
Бөлімі: Гүлді өсімдіктер
Табы: Қос жарнақтылар
(unranked) Asterids
Сабы: Asterales
Тұқымдасы: Asteraceae
Кіші тұқымдасы: Asteroideae
Тайпасы: Coreopsideae
Тегі: Bidens
Карл Линней
түрлері

150-250 түрі белгілі

Итошаған (лат. Bidens) – астралылар тұқымдасына жататын бір жылдық шөптесін өсімдік.


Қазақстанда өзен мен көлдердің жағалауында, сондай-ақ, саз, құм топырақты далада және суармалы жерлерде өсетін имек итошаған (B. cernua), үштармақты итошаған (B. trіpartіta), сәулелі итошаған (B. radіata), түкті итошаған (B.pilosa) деген түрлері бар. Бұлардың биіктігі 10 – 60 см. Тік сабағының жоғасыр бөлігі бұтақталып кетеді. Қауырсын тәрізді сүйірленген жапырақтары қарама-қарсы орналасады. Көп гүлді себет гүлшоғырының сыртын екі қатар орам жапырақшалары қоршап тұрады. Оның сыртқысы – жасыл, ал ішкі қабаты – жарғақ тәрізді, қара-жасыл жолақты сары түсті болады. Гүлдері қос жынысты, шеткі тілімденген гүлдері – жыныссыз келеді. Шілдетамыз айларында гүлдеп, жемістенеді. Тұқымшажемісінің бүйірі қысыңқы, төрт қырлы, төбесінде 2 – 4 қылтанағы бар. Итошаған – дәрілік өсімдік, халық медицинасында кеңінен қолданылады. Ол тәбет ашып, ас қорытуды жақсартады, тері ауруы кезінде зат алмасуды қалыпқа келтіреді. Қан кетуді тоқтатып, жүйке жүйесін тыныштандырады. Үштармақты итошағанның жапырағы мен гүлін қайнатып, балалар шірінше (золотуха) ауруымен ауырғанда ішкізеді. Сондай-ақ жібекті, жүнді сары, ашық жасыл және қоңыр түске бояу үшін қолданылады.

Табиғатта таралуы.

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Итошаған республикамыздың, сондай-ақ еліміздің барлық аймақтарында кездеседі. Ол ылғалды, сазды – батпақты жерлерде, өзен – көл жағалауларында, ескі мал қораларының маңында өседі. Дәрілік шикізат ретінде жапырағы мен сабағының ұш жағы жиналады. Оларды, өсімдік жаңа гүлдей бастаған кезде орақпен орып, ол болмаса кәдімгі қайшымен сабақтың ұш жағынан 10 – 15 см ұзындықта қиып алады. Жиналған дәрілік шикізат шатырдың, жаппаның астында көлеңке жерде жел қақтырылып кептіріледі.

Химиялық құрамы.

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Өсімдіктің дәрілік шикізатының құрамында 10 мг/пайыз флавноидтар, кумарин, 60 – 70 мг/пайыз аскорбин қышқылы, 50 мг/пайыз каротин және 4,5 пайызға дейін илік заттар, аздаған эфир майлары бар.

Қолданылуы.

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Өсімдік тұнбасы және судағы ертіндісі малдың азыққа тәбетін арттыру, ас қорытуды жақсарту және бауыр ауруларын емдеу үшін қолданылады. Жапырақтары жараның тез жазылуын шипалық жасайды. Мал дәрігерлігі практикасында күйіс қайыратын малдың азыққа тәбетін ашу, сондай – ақ тер және зәр шығаруды үдету үшін пайдаланылады. Сақа малға өсімдіктің ұнтағы орта есеппен 8 – 10 грамм мөлшерінде беріледі. Бұл дәрілік шөппен төл ауруларын емдеуге рұқсат етілмейді.[1][2]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Пайдалы өсімдіктерді мал дәрігерлігінде қолдану. - Алматы: Қайнар, 1988. - 248 б.
  2. «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, IV том

Шәріпбаев Н. Малдың тыныс алу мүшелерінің ауруларын емдеу үшін қолданылатын дәрілік өсімдіктер // итошаған — "Қайнар", 1988. — Б. 64-65. — (Пайдалы өсімдіктерді мал дәрігерлігінде қолдану). — 5700 таралым. — ISBN 5 - 629 -00074 - 5.