Мазмұнға өту

Түр (биология)

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Түр (лат. Species) — тірі ағзалар жүйесіндегі негізгі құрылымдық бірлік; жануарлардың, өсімдіктер мен микроорганизмдердің негізгі таксономиялық бөлімі.

Жынысты, айқас ұрықтанатын ағзалардың өзара шағылысып өсімтал ұрпақ беретін дарақтарының популяцияларын бір түр деп атайды. Бір түрге жататын дарақтар белгілі бір ареалды мекендейді, ортақ морфо-физиологиялық белгілері болады, алшақ дарақ топтарымен табиғи жағдайда шағылыспайды.

XVII ғасырдың аяқ кезінде жануарлар мен өсімдіктердің алуан түрлілігі және бұлардың арасында бір жанұя мүшелерінің өзара ұқсастығындай ұқсас дарақтар тобы бар екендігі туралы ұғым туды. Мысалы, қасқыр, түлкі, ала қарға, ұзақ қарға, қайың, емен, бидай, сұлы, т.б. түр деп танылды. Сипатталған түр саны көбейе түсуіне байланысты олардың аттарын реттеуге және туыстығы жағынан бір-біріне бағынышты жүйеге, сондай-ақ түрден де ірі жүйелер құру қажет болды. Швед натуралисі Карл Линней өзінің «Табиғат жүйесі» атты еңбегінде өсімдіктер мен жануарлар топтастыруының негізін құрды.[1]

Жүйелеудің негізгі бірлігі ретінде түр ұғымын ғылымға енгізген швед ғалымы Карл Линней (1707-1778) болды. Ғалымдар жаңа түрлерді ашып сипаттады және оларға атау берді. Алғашқыда атаулар сол түрді ашқан зоологтің ана тілінде берілген болатын. К. Линней түрлерді атауда жалпыхалықаралық латын тілін пайдалануды ұсынды. Әртүрлі мемлекеттердің зоолог ғалымдары қандай жануар жөнінде айтылып жатқанын түсіну үшін К. Линней әрбір түрге екі сөзден тұратын латын атауын берді. Атаудың бірінші сөзі — зат есім, ол жануардың белгілі бір туысқа жататынын (мысалы, «шағала») білдіреді, атаудың екінші сөзі — сын есім, түр анықтамасын («көл») береді. Нәтижесінде белгілі құстың — көл шағаласының түр атауы анықталады. Бұл атау тек соған ғана тиесілі, мұндай атаумен басқа жануар аталмайды.

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Қазақ совет энциклопедиясы, 11-том.