Торғайтәрізділер
Торғайтәрізділер (Passerіformes) – құстар отряды.
Қазба қалдықтары жоғарғы миоценнен белгілі. Антарктида мен кейбір мұхит аралдарынан басқа жер шарының басқа бөліктерінде кең тараған. Құрлықтарда кездесетін 5 мыңнан астам түрі белгілі, құстардың барлық түрлерінің бестен үш бөлігін құрайды, 4 мыңдайы сайрағыш құстарға жатады. 84 түрі мен 66 түртармағы қорғауға алынып, Халықар. табиғат қорғау одағының “Қызыл кітабына” енгізілген. Торғайтәрізділердің ең кішісінің ұзындығы 6 см, салм. 6 г-дай, ал ең ірі түрінің дене ұзындығы 67 см, салм. 1100 – 1500 г-ға жетеді. Аяқтарында 4 саусақ болады, 3-еуі алға қарай, ал ең ірі саусағы артқа қарай орналасқан. Торғайтәрізділердің арқа омыртқаларының саны басқа құстармен салыстырғанда аз. Шалғы қауырсындарының саны – 9 – 10, ал құйрық қауырсындары – 12. Негізінен бұталардың арасы мен ормандарды мекендейді. Жерде жүретін түрлері де бар. Ал суда тіршілік ететіндері жоқтың қасы, тек сушылқара ғана қорегін су ішінде жүріп ұстайды. Торғайтәрізділердің көпшілік түрі моногамды, жылына 2 рет ұрпақ береді, ұяларында 4 – 8 жұмыртқа болады, жұмыртқаларын мекиені де, қоразы да кезектесіп басады. Қоңыржай белдеулердегілері – жыл құстары, тропиктік аймақтардағылары – отырықшы құстар. Жейтін қорегіне қарай өсімдік қоректілер және жануар қоректілер болып бөлінеді. Торғайтәрізділер зиянды жәндіктерді жеп а. ш. мен орман ш-на орасан зор пайда келтіреді.
Торғайтәрізділер 4 отряд тармағына бөлінеді: мүйізтұмсықтылар, тиранналар, қарапайым торғайлар және сайрағыш құстар. Мүйізтұмсықтылардың (Eurylaіmі) Африка мен Азияның тропикті аймақтары мен шығыста Филлипинге дейінгі жерлерде кездесетін 8 туысы, 14 түрі бар. Дене тұрқы 13 – 28 см. Қауырсындары жасыл, көк, кейде қызыл не қара түсті болып келеді. Тиранналардың (Tyrannіdae) Америкада (тек қиыр солт-нде ғана кездеспейді) және Галапагос, Фолкленд (Мальвин) аралдарында кездесетін 119 туысы, 365 түрі белгілі. Дене тұрқы 8 – 40 см, қауырсындарының түсі сұр, қоңыр және жасылдау болады. Қарапайым торғайлар (Menurae) Австралияда таралған. Бұлардың көмекейінде 2 – 3 жұп дыбыстық бұлшық еттері жақсы дамыған.
Торғайтәрізділердің Қазақстанда 23 тұқымдасы, 32 туысы, 220 түрі бар. 3 түрі: көкқұс, Іле жорға торғайы, үлкен құралай Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген.[1][2]
Тағы қараңыз
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Ковшарь А.Ф., Мир птиц Казахстана, А.-А., 1988; Красная книга Казахстана, 3 изд., А., 1996.
- ↑ «Қазақстан»: Ұлттық энциклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл. ISBN 5-89800-123-9, VIII том
Бұл — мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. Бұл ескертуді дәлдеп ауыстыру қажет. |
Ортаққорда бұған қатысты медиа файлдар бар: Passeriformes |