Мазмұнға өту

Пионер (бағдарлама)

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
A.
«Пионер-10» құрастыру процессінде
A.
«Пионер-6»

“Пионер”, “Пайонир” (ағылш. Pіoneer) — Айды, т.б. планеталарды, планетааралық кеңістікті зерттеуге арналған американдық ғарыш аппараттарының жалпы атауы; осыларды ұшыруға арналған жоспар; АҚШ ғарыш аппараттарының бірнеше түрінің, және оларды жасау мен ұшыру жөніндегі бағдарламаның жалпы атауы. “Пионер” бағдарламасының жұмысы төрт кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде (1958 — 60) ғарыш аппаратын (массасы 6 — 176 кг, биікт. 0,51 — 0,76 м, диам. 0,23 — 0,74 м) Жерден ғарышқа ұшырып және онымен алыс қашықтықта байланыс орнату жұмыстары жүргізілді. Ғарыш аппараты радиациялық детекторлармен, магнитометрлермен, Күннің рентген және ультракүлгін сәулелерін зерттейтін аспаптармен жабдықталған. Екінші кезеңде (1965 — 69) Жер мен Шолпан және Жер мен Марс планеталары орбиталарының арасындағы кеңістікті зерттейтін ғарыш аппараттары жасалды. Бұл кезеңде 5 ғарыш аппараты ұшырылып, оның төртеуі сәтті болды. Үшінші кезеңде (1972 — 73) жанама траекториямен ұшып өту арқылы Юпитерді, планетааралық ғарыш кеңістігін, астероидтар белдеуін зерттеуге арналған “Пионер-10”, “Пионер-11” аппараттары жасалды. “Пионер-11” Юпитердің тартылыс өрісі әсерінен Сатурнға ұшу траекториясына ауысып, Сатурнды және оның ең үлкен серігі Титанды зерттеуге пайдаланылды. Төртінші кезеңде Шолпанды планета айналасындағы орбитадан зерттеуге арналған екі “Пионер — Венера” аппараттары жасалды. Олардың көмегімен маңызды ғылыми деректер алынды.

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

«Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, VII том