Мазмұнға өту

Молотов-Риббентроп пакты

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Молотов–Риббентроп пакты (ресми атауы:Германия мен Кеңестік Социалистік Республикаларының Одағы арасында шабуыл жасаспау жайлы келісімі, «Гитлер-Сталин келісімі» деген аттармен де белгілі) — он жыл мерзімге жасалған келісім. Келісімге 1939 жылдың 23 тамызында Германия жағынан сыртқы істер министрі Йоахим фон Риббентроп пен кеңестік жағынан сыртқы істер халық комиссары Вячеслав Молотов қол қойды. Қол қою рәсіміне Иосиф Сталин мен Германияның елшісі граф фон дер Шуленбург қатысты. Келісім 1926 жылғы Берлин келісімімен және Рапалло келісімімен байланысты еді. Келісім Германияның Польшамен және Батыс державаларымен келіспеушіліктер пайда болғанда Кеңес Одағының бейтараптығына кепілдік берді. Келісім бойынша Кеңес Одағы патшалық Ресейдің Бірінші Дүниежүзілік соғыс кезінде айырылып қалған территорияларын Германияның қарсылығынсыз қайтарып алуға мүмкіндік алды. Келісімге жасалған қосымша құпия протокол бойынша екі ел Орталық Еуропаны өз мүдде аймақтарына бөлісіп алды. Финляндия, Эстония, Латвия елдері және Польшаның Нарев, Висла және Сан өзендерінен шығыс жатқан бөлігі кеңестік мүдделер аймағына жатқызылды. Оңтүстік-Шығыс Еуропа бойынша бұндай анық демаркация сызығы жасалмады. Кеңес Одағы Германия үшін маңызы төмен Бессарабия аймағына өзінің мүдделі екенін жариялады. 1941 жылдың 22 маусымында Германияның Кеңес Одағына шабуылымен келісім өз күшін жойды.

1939 жылдың 23 тамызында кеңес-алман шабуыл жасаспау туралы келісіміне қол қойылуы. Қол қойып отырған – Молотов, оның артында Риббентроп, Риббентроптың сол жағында Сталин тұр, оң жағында – Борис Шапошников.

Алғы тарихы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Гитлер Германияның шығысында жатқан елдердің Франциямен тығыз байланыстарын әлсіретуді өз алдына мақсат етіп қойған болатын. Оның жоспары бойынша осы елдер 1918 жылғы Брест-Литовск бейбіт келісіміндегідей қайтадан Германияға тәуелді болып, Кеңес Одағына қарсы болуға тиіс еді. Бірақ 1934 жылғы алман-поляк өзара шабуыл жасаспау туралы келісімге қарамастан және 1936 жылы Германияның Румынияға жасаған ұсыныстарына қарамастан бұл саясат сәтсіздікке ұшырады. 1938 жылғы қазан айында Гитлер Польшаға бірге шығысқа қарай экспансия жасау туралы ұсыныс жасап, Польшаға сол үшін Украинаның басым бөлігін беруге уәде етті. Бірақ Польша бұл ұсынысты қабылдамай тастады. Сондықтан Гитлердің жалғыз ғана амалы қалды. Ол — әскери күш қолдану арқылы Батыс державаларын араласуға деген еркінен айырып, Шығыс Еуропа елдерін алмандық және кеңестік мүдделер аймағына бөліп тастау.

Германия 1939 жылғы наурыздың 15-де 1938 жылы жасалған Мюнхен келісімдерін бұзып, Чехословакияны толығымен басып алғаннан кейін Британия мен Францияның тыныштандыру саясатының толық күйрегені анық болды. Гитлер де өзінің Версаль бітімінің шарттарын бұза бергеніне көрсеткен Британия мен Францияның төзімділігін олардың әлсіздігінің белгісі деп қабылдады.Ұлыбританияда Черчилльдің жетелеуіндегі консервативті партия оппозициясы үкіметтен гитлерлік Германияның талаптарына икемделе беруді тоқтатуды талап етті. Британия премьер-министрі Чемберлен Гитлердің ұлттарға байланысты талаптарын орындауға дайын болғанымен, Германияның шығысқа қарай ауқымды түрде кеңеюін Ұлыбританияның ұлы держава ретіндегі жағдайының негізі болып табылатын күштер тепе-теңдігіне төнген қатер деп қабылдады. Чемберленнің 1939 жылғы наурыздың 31-нде Польшаның тәуелсіздігі туралы берген кепілдігі Ұлыбританияның тәуелсіз Польшаға барынша мүдделі екендігін көрсетті. Сонымен бірге британ үкіметі Кеңес Одағынсыз Еуропада Гитлерге қарсы тиімді әрекет жасаудың мүмкін еместігіне де көз жеткізе бастады. Осы үш держава,Ұлыбритания, Германия және Кеңес Одағы Орталық-Шығыс Еуропада стратегиялық маңызды орынға ие болды және үшеуі де әрқандай қатерден тыс болғысы келді. Кеңес Одағы Германиядан төнген қатерді болдырмауға тырысып, алғашқы қадамды өзі жасап, 1938 жылғы сәуірдің 18-нде Ұлыбританияға одақ құру туралы ұсынысты алға тартты. Ол келісім бойынша екі ел шабуылға ұшыраған жағдайда бір-біріне көмектесіп, Балтық елдері,Финляндия мен Польшаға көмек беру туралы міндеттеме алуға тиіс болды.

Үш мемлекеттің одағы туралы келіссөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Ұлыбритания, Франциямен Кеңес Одағы арасындағы келіссөздер ең басынан бастап бір-біріне сенбеушілік жағдайында өтті. Чемберлен Кеңес Одағына толығымен сенбеді, әрі Қызыл Армияның қуатын өте төмен деп бағалады. Кеңес Одағы болса батыс елдерінің өз міндеттемелерін орындайтындығына күмәнмен қарады. Келіссөздер оның үстіне Кеңес Одағының ықпалына түсіп қалудан қорыққан елдердің себебінен өте баяу жылжыды. 1939 жылғы тамыздың 11-нде басталған келіссөздер көп ұзамай тығырыққа тірелді. Әсіресе совет әскеріне Польша арқылы өту хұқығын беруге поляк үкіметі үзілді-кесілді қарсы болды. Кеңес Одағының тіпті герман шабуылы болмаған күннің өзінде поляк территориясына ешбір алдын ала жариялаусыз ену хұқығы туралы жасаған талабын Варшавадағылар қабылдаудан мүлдем бас тартты. Тамыздың 21-нде келіссөздер алдымен кейінге шегерілді, ал 23-нде Герман–совет өзара шабуыл жасаспау туралы келісіміне қол қойылғаннан кейін тамыздың 27-нде келіссөздердің сәтсіз аяқталғандығы баршаға түсінікті болды.

Алман-кеңестік келіссөздері

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Ұлыбритания мен Франциямен келіссөздермен бір уақытта совет үкіметі Герман империясымен де келіссөздер жүргізіп жатқан болатын. Герман-совет келіссөздерінің барысы әлдеқайда табысты әрі жылдам болды. 1939 жылдың маусым айының орта шенінде Берлиндегі совет елшілігінің кеңесшісі Георгий Астахов болгар елшісі Парван Драгоновпен әңгімесінде былай деп жариялаған болатын:

«Егер Германия өзінің Кеңес Одағына шабуыл жасамайтыны туралы мәлімдеме жасаса, немесе онымен шабуыл жасаспау туралы келісімге отырса, онда Кеңес Одағы Англиямен келісім жасасуды доғара тұрады».

Германия Драгоновтың бұл мәліметін аяқсыз қалдырмады. Шілденің 26-нда елшілік кеңесшісі Карл Шнурре кеңестік елшілік кеңесшісі Астаховқа немістердің қандай кепілдік болса да беруге дайын екенін жеткізді. Түрлі мәселелер туралы талқылаулардан кейін тамыздың 17-нде елші Шуленбург сыртқы істер министрі Молотовқа өздерінің шабуыл жасаспау туралы келісімге қол қоюға дайын екендіктерін және мүдделер аймақтарын бөлісу туралы протокол оған құпия қосымша ретінде жасалуға тиіс екенін ұсынатын нота алып келді. Тамыздың 19-да бірнеше айдан бері Берлинде өткізіліп келе жатқан герман-совет экономикалық келіссөздері келісім жасасумен аяқталды. Ол келісімдер бойынша, Германия Кеңес Одағына 7 жылға 200 миллион рейхсмарка несие беріп, оның есесіне Кеңес Одағы Германияға екі жылдың ішінде 180 миллион рейхсмаркаға шикізат сататын болды. Дәл сол күні Молотов Берлинге совет үкіметінің сыртқы істер министрі Риббентропты тамыздың 26-ы мен 27-де шабуыл жасаспау туралы келісімді рәсімдеу үшін қабылдауға дайын екендігі туралы құлаққағыс жасады. Тамыздың 21-нде Шуленбург Молотовқа Гитлердің Сталинге жіберген жеке жолдауын табыстады. Ол жолдауда Гитлер Риббентроптың келесі екі күннің ішінде келісімнің соңғы мәселелерін шешіп, оны рәсімдеу үшін Мәскеуге келе алатынын хабарлады. Бұған Сталин Риббентроптың келуін тамыздың 23-не белгіледі. Осылайша Герман-совет өзара шабуыл жасаспау туралы келісіміне 1939 жылғы тамыздың 23-нде Риббентроп пен Молотов тарапынан Мәскеуде қол қойылды.

Келісімнің мазмұны

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Польшаны бірлесіп басып алған екі әскердің өкілдерінің кездесуі. 1939 жыл

Келісім бойынша, келісуші жақтар бір-біріне шабуыл жасамауға ғана емес, үшінші бір жақпен соғыс басталғанда бейтараптық ұстануға тиіс болды.

Құпия қосымша протоколда Шығыс Еуропаны «территориялық-саяси қайта құруға» алып келуге тиіс Солтүстік-шығыс және Оңтүстік-шығыс Еуропа елдерін мүдделер аймақтарына бөлінуі сипатталды. Қосымша протоколдың төрт пункты төмендегі өзгерістерді алға тартты:

  1. Балтық елдері (оларға Финляндия жатқызылды да, Литва жатқызылған жоқ болатын) бойынша мүдделер аймағы Литваның солтүстік шекарасы бойынша өтуге тиіс болды. Яғни Латвия, Эстония және Финляндия Кеңес Одағының мүдделер аймағы, ал Литва Германияның мүдделер аймағы болып белгіленді.
  2. Польша Нарев, Висла және Сан өзендерінің бойымен екі бөлікке бөлшектенуге тиіс болды. Екі келісуші жақ «тәуелсіз поляк мемлекетінің сақталуы екі жақтың мүдделеріне сай келе ме, әрі ондай мемлекеттің шекаралары қандай болуы» керектігі туралы мәселе «болашақ саяси өзгерістердің барысында анықталуы тиіс» деп өзара анықтап алды.
  3. Кеңес Одағы өзінің Бессарабия аймағына (Бүгін Молдавия мен Украинаның құрамында) мүдделі екенін білдірген соң, герман үкіметі өзінде «бұл аймақтарға деген қызығушылығының мүлдем жоқ» екенін мәлімдеді.
  4. Қосымша протоколды екі келісуші жақ толық құпиялықта сақтауға міндетті болды.

1939 жылғы қыркүйектің 1-де герман Вермахты Польшаға шабуыл жасап, оны тез арада талқандап, 1939 жылғы қыркүйектің 17-де совет әскерлері шығыс Польшаны басып алғаннан кейін екі жақ 1939 жылғы қыркүйектің 28-де Герман-Кеңес шекара және достық туралы келісіміне қол қойып, бұрынғы поляк мемлекетінің аумағын өзара бөлісіп алды.

Келісімнің мақсаты

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Гитлерге бұл пакт батыс Польшаны жаулап алуға мүмкіндік берді. Гитлердің батыс Польшаны жаулап алудағы мақсаты – қауіпті болып көрінген, бүкіл дүниені өзіне қаратуға талпыныс жасап отырған саяси идеологияны жою мақсатымен Кеңес Одағына шабуыл жасау. Екінші мақсаты – өзінің Тіршілік кеңістігі туралы арманын жүзеге асыру. Осы бас жоспар Польшаға шабуыл жасаған күннің өзінде бұған Батыс елдері де, Кеңес Одағы да шара қолданбайды деген Гитлердің болжамына негізделген болатын. Гитлердің Вермахттың Бас штабына берген нұсқауынан үзінді:

«Елдің батыс аймақтарындағы «Батыс қабырғасын» күшейту жұмыстары іске асырылмауы керек. Поляк мәселесі бойынша Батыс елдерімен соғыс болмайды және болуы да мүмкін емес. Осындай болмайтын жағдай туралы әңгімелерді қоздата беру құпиялылыққа, сол арқылы саяси келіссөздерге қауіп төндіреді».

Британияның Германияға қойған ультиматумы Гитлердің осы «бас жоспарын» түкке жарамсыз етіп тастады, себебі Германияның материалдық және адамдық ресурстары бүкілеуропалық соғысты жүргізуге мүлдем аздық ететін. Британияның ультиматумын орындамау Германияны алғашқыда зор жеңістерге алып келгенімен, кейін ол Кеңес Одағына шабуыл жасауға, сол арқылы ақыр соңында толық күйреу мен апатқа алып келді.

Кеңес Одағы үшін бұл пакт бір жағынан батыс елдерінің өзіне қарсы одақ құруын мүмкін емес етіп тасаса, екінші жағынан Германия мен Жапонияның Кеңес Одағына екі жағынан шабуыл жасау қауіпінің алдын алды. Гитлермен жасасқан пакт Сталинге патшалық Ресейдің бұрынғы аймақтарын (Финляндия, Балтық бойы, шығыс Польша, Буковина, Бессарабия) қайта қосып алуға және бәрібір болмай қоймайтын герман шабуылының қарсаңында Қызыл Әскерді қайта қаруландыруды аяқтауға мүмкіндік берді.

Поляк үкіметі 1939 жылғы қыркүйектің 17-нде, яғни кеңестік әскерлер Польшаға басып кірген күні елді тастап, Германияға қарсы соғысты жалғастыра беру үшін шетелге бассауғалап кетті. Польшаның айдаудағы үкіметінің басшысы генерал Владыслав Сикорски шетелдегі поляк босқындарынан бірнеше дивизия ұйымдастырып, оларды британ әскерінің құрамына енгізді. 25000 адамнан тұратын тағы бірнеше поляк әскери құрамасы кеңес жағында ұйымдастырылып, Сикорский-Майский келісімінің нәтижесінде басқа поляк әскери құрамаларымен біріктіріліп, британ әскерінің 2-ші Поляк корпусын құрады. Польшаның айдаудағы үкіметінің Польша өзінің ескі шекараларында қалпына келтірілуге тиіс деген талабын британ үкіметі қолдағанымен, ол кеңес үкіметінің үзілді-кесілді қарсылығына тап болды. Катынь қырғыны туралы белгілі болысымен Сикорски 1939 жылы кеңес тұтқынына айналған бірнеше мың поляк офицерінің өлтірілуіне әкеп соққан оқиғалардың тізбегін қалпына келтіре бастағанда, кеңес үкіметі онымен дипломатиялық қатынастарын үзді. 1945 жылғы шілденің 6-нда Ұлыбритания АҚШ-тың үгіттеуімен Кеңес Одағының талабын орындап, Лондондағы айдаудағы үкіметін тануын жоққа шығарды.

Нәтижелері

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Польша территориясының өзгеріске түсуі

Франция, Ұлыбритания мен Кеңес Одағының арасында әскери одақ құрылуының, яғни Германияның бар жағынан қоршалып қалу қаупі жойылғанда, Гитлер батыс одақтастардың тікелей интервенциясынан қорықпай Польшаға шабуыл жасауға мүмкіндік алды. Бірақ сол екі мемлекет Польшаға берген міндеттемелерін орындаудан бас тартпай отырғандықтан, Германия үшін ең маңыздысы – соғысқа қажетті материалдарды алып отыру үшін Кеңес Одағының бейтарап болуы еді. Оның үстіне Кеңес Одағы сауда-саттық серіктесі әрі маңызды шикізатты жеткізетін транзит елі ретінде ынтымақтасуға дайын тұр еді. Бірнеше экономикалық келісімдердің нәтижесінде тапсыруға тиісті тауарлардың түрі мен мөлшері туралы келісімдер жасалды. Германияның ұсына алатыны негізінен технология мен түрлі машиналар болса, Кеңес Одағы Германияның соғыс экономикасына өте маңызды астық, түсті металдар және мұнай өнімдерін ұсына алды.

Кеңес Одағы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Қосымша протоколда кеңес мүдделер аймағы болып белгіленген жерлерге поляк әскері шегініп, сонда күштерін қайта топтастыра алмас үшін Германия кеңес жағынан әскери күш енгізуді бірнеше рет талап еткен соң 1939 жылғы қыркүйектің 17-нде екі батыс әскери округтың асығыс ұйымдастырылған топтары кеңес-поляк шекарасын кесіп өтті. Поляк әскерлерінің әлсіз қарсыластығына кезіккен олар негізінен украиндер мен белорустар қоныстанған аймақтарды басып алды. Кеңес Одағы өзінің осы қадамын шығыс Польшада көпшілікті құрайтын «бауырлас славян халықтарын» полякмемлекеті тарқатылған соң қорғау үшін жасалған деп түсіндірді. Бірнеше аптаның ішінде сайлаулар ұйымдастырылып, сол аймақтар Белорус КСР-і және Украин КСР-інің құрамына енгізілді. Қыркүйек айының кезінде-ақ Эстония мен Латвиямен де шабуыл жасаспау туралы келісімдер жасалған болатын. Соның барысында осы елдердің үкіметтеріне өз жерінде кеңес әскери базаларының орнатылуына рұқсат беруге зор қысым жасалды. Кейінірек Литва да қосылды. Германияның қарамағына өтуге тиісті Вильна аймағы Литваға берілді. 1939 жылдың қазан айында Кеңес Одағы Финляндияны да осы сияқты келісім жасасуға күштеуге тырысты, бірақ фин үкіметі келіспей, бұл 1939 жылдың қараша айында Қысқы соғыс депаталып кеткен кеңес-фин соғысына әкеліп соқты. Соғыстың нәтижесінде Финляндия біраз жерлерінен айырылып, Ханко түбегінде кеңес әскери базасының орнауына келісуге мәжбүр болды, бірақ өз тәуелсіздігін сақтап қалды. Басқыншылық саясатының себебінен деп Ұлттар лигасы Кеңес Одағын өз құрамынан шығарды. Герман әскерінің Франция жорығынан кейін Кеңес Одағы 1940 жылғы маусымның 26-да Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде Румыния тартып алған Бессарабия аймағын, оған қоса Буковинаның солтүстік бөлігін Кеңес Одағы қайтарып алды. Бұл аймақтар Украин КСР-ның құрамына енгізілді. Оның алдында ғана Балтық бойы елдері Литваға (маусымның 15-інде), Эстонияға (маусымның 17-інде), Латвияға (маусымның 17-інде) кеңес әскерлері басып кіріп, парламент сайлаулары өткізілгеннен кейін Кеңес Одағының одақтас республикалары ретінде қабылданды. Келісім жасалғанна кейін Кеңес Одағы Чехословакияның айдаудағы үкіметімен қарым-қатынас жасауды тоқтатып, Словак республикасымен дипломатиялық байланыстар орнатты. 1941 жылғы мамыр айында кеңес үкіметі өз елдеріне биліктері жүрмейді деген себеппен Бельгия, Норвегия және Нидерландылардың айдаудағы үкіметтерін ресми тануын тоқтатты. Содан кейін көп ұзамай ұқсас себеппен Югославия мен Грекияның үкіметтерімен де байланысты үзді.

Балтық елдері

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Батыстық одақтастар

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

1989 жылы күшін жоюы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Кеңестік-алман шабуыл жасаспау туралы келісімінің қосымша протоколдарының бар екендігін Кеңес Одағы 50 жыл бойы жоққа шығарып келді. Тек 1989 жылы Михаил Горбачев өзінің жақын серіктесі Александр Яковлевті арнайы тергеу комиссиясының жетекшісі етіп тағайындағаннан кейін ғана осы «құпия» протокол жұртшылыққа жария болды. 1989 жылғы желтоқсанның 24-де КСРО-ның Халық депутаттарын съезі көпшілік дауыспен Кеңестік-алман шабуыл жасаспау туралы келісімінің және оның қосымша протоколының күшін жойды.

Тарихшылар күні бүгінге дейін Кеңестік-алман шабуыл жасаспау туралы келісімінің және оның қосымша протоколдарының тарихи маңызы туралы бір көзқарасқа келе алмай жүр. Кейбір тарихшылар, соның ішінде Виктор Суворов, осы келісімді Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуына түрткі болды деп есептейді. Тарихшылардың көпшілігі бұл келісім Кеңес Одағына екі жыл бейбітшілік сыйлады деген пікірді ұстанады.

Түсініктемелер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]


Келісімнің мәтіні

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

23.8.1939 Өзара шабуыл жасаспау туралы алман-кеңес келісімі және оған жасалған құпия протокол

Германия мен КСРО арасындағы бейбітшілік ісін күшейтуге ұмтыла отырып, 1926 жылғы сәуір айында Германия мен КСРО арасында жасалған бейтараптық туралы келісімнің баптарына негізделе отырып, Алман империялық Үкіметі және Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының Үкіметі төмендегі келісімге қол жеткізді:

1-ші бап

Келісімге келіп отырған екі жақ, жалғыз болсын, немесе басқа мемлекеттермен бірге болсын, бір-біріне қарсы күш көрсетуден, басқыншылық әрекеттерге барудан және шабуыл жасаудан бас тартуға міндеттенеді.

2-ші бап

Келісім жасасып отырған Жақтардың бірі үшінші бір мемлекеттің әскери шабуылына ұшыраған жағдайда, келісім жасасып отырған екінші Жақ осы үшінші мемлекетке ешқандай қолдау көрсетпеуге тиіс.

3-ші бап

Келісім жасасып отырған екі Жақтың үкіметтері бұдан былай бір-бірін ортақ мүдделерге қатысы бар мәселелер туралы мәлімдеп, кеңесіп отыру мақсатымен үзбей қатынас жасасып тұратын болады.

4-ші бап

Келісуші екі Жақтың ешқайсысы екінші Жаққа тікелей немесе басқалай қарсы бағытталған елдердің тобына қатыспайды.

5-ші бап

6-шы бап

7-ші бап

[Құпия қосымша протокол]

Сыртқы сілтемелер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]