Кеңірдектің қабынуы
Кеңірдектің қабынуы немесе трахеит (tracheіtіs; грек. tracheіa – кеңірдек және іtіs – қабыну) — кеңірдектің шырышты қабығының қабынуы.[1]
Трахеиттің дамуына жұқпалы аурулар (тұмау, жедел респираторлы аурулар, қызылша, көкжөтел, т.б.), организмнің салқындауы (ауаның құрғақ және салқын болуы), ауада шаң-тозаңның, улы газдардың жиналып қалуы, сондай-ақ жүрек және өкпе аурулары, ал балаларда рахит, экссудативтік-катаралдық диатез әсер етеді. Трахеит көбінесе көктем мен күзде байқалады. Трахеиттің жедел және созылмалы түрлері болады. Жедел түрінде дем алғанда, күлгенде, жылағанда, науқас адамды қатты жөтел қысады (түнде, әсіресе, таңертеңгілікте). Жөтелге байланысты жұтқыншақ пен көкірек (әсіресе арқа тұсынан) ауырып, тыныс алу қиындайды, даусы қарлығып, көмекейдің қабынуы байқалады. Аурудың 3 – 4-күндері әуелі құрғақ, кейін шырышты-іріңді қақырық түсе бастайды. Науқастың жалпы жағдайында көп өзгеріс болмағанымен, кейде басының ауруы, әлсіздік білініп, дене қызуының көтерілуі мүмкін. Жедел Трахеиттің қауіптілігі – қабыну процесінің кеңірдек тарамдарына (бронхқа), кейін өкпеге өтіп кету ықтималдылығы. Созылмалы Трахеит тыныс алу органдарында қанның ұйып қалуы әсерінен туындайтын аурулардың салдарынан болады. Созылмалы Трахеитте кеңірдектің шырышты қабатында атроф. (жұқару) немесе гипертрофтық (қалыңдау) өзгерістер дамиды. Дерттің негізгі белгісі – ұстамалы жөтелдің болуы. Науқас оқтын-оқтын көкірегінің ішкі жағын тырналағандай қиналып жөтеледі. Алдыңғы түрімен салыстырғанда, қақырық аз түседі. Емі: мойынды жылы ұстап, компресс қою; ингаляция жасау; қақырық тастау қиын болған жағдайда, оны жұмсартатын дәрілер беріледі; антибиотиктер сирек қолданылады. Созылмалы түріне климотерапия пайдалы.[2]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Пульмонология терминдерінің орысша-қазақша түсіндірме сөздігі. Алматы: Ана тілі. 1996. ISBN 5-630-00473-5
- ↑ «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, VIII том
Бұл — мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. Бұл ескертуді дәлдеп ауыстыру қажет. |
|