Мазмұнға өту

Жыл мезгілдері

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Көктем
Жаз
Күз
Қыс

Жыл мезгілдеріаспан сферасы (эклиптика) бойымен қозғалатын Күннің көрінерлік қозғалысына және табиғаттағы маусым өзгерістеріне байланысты жылдың кезеңдерге бөлінуі.

Ежелгі дәуірде адамдар жылды әр түрлі бөліктерге бөлген. Үнді мұхитының аралдарындағы тайпалар муссон желінің соғуына қарай, жылды екі мезгілге бөлген. Олардың жерінде муссон 180 – 185 күн оңтүстік-батысқа қарай, содан кейін 180 – 185 күн солтүстік-шығысқа қарай соғады. Орталық Африка тайпалары өз жерлерінде ауа райының нөсер жауынды, қапырық ыстық және жайдары құрғақ болуына қарай жылды үш мезгілге бөлген. Осы күнгі халықтардың көпшілігі жылды жазғытұры (көктем), жаз, күз, қыс деп төрт мезгілге бөледі. Бұлай бөлуге тиянақты астрономиялық негіз бар. Жердің орбитасы, яғни оның Күнді айналып жүретін жылдық жолының түрі эллипс түрінде болады. Жер эллипстің доғасын бойлап, орбита бойынша Күнді айналумен бірге өз осінен де айналып тұрады. Ол өз осінен бір рет айналып шыққанда бір тәулік уақыт өтеді. Жердің «күнгейі» немесе «теріскейі» жоқ, осьтен айналу салдарынан оның бетіндегі нүктелер, мысалы, қалалар тиісті ретімен Күн жаққа ауысып отырады. Жердің жарық түскен жарты бетінде күндіз, көлеңкеде қалған жарты бетінде түн болады. Жердің осі – ойша болжанатын геометриялық түзу сызық. Бұл ось Жердің полюстерінен өтіп, оның Күнді айналу орбитасы жазықтығында жуық түрде 66°33` бұрыш жасайды. Осьтің бағыты өзгермейді деуге болады (мардымсыз аз өзгерісі есепке алынбайды). Егер Жердің осі оның Күнді айналу орбитасы жазықтығына перпендикуляр болса, Күн сәулелері Жер бетінің әрбір нүктесіне бүкіл жыл бойы біркелкі түсіп, оны үнемі біркелкі жылытып отырар еді, яғни Жыл мезгілдері ауыспас еді. Күн мен түн де ұзарып-қысқарып отырмай, өзара тең 12 сағаттан болар еді. Жер әрі Күнді, әрі өз осінен айналып жүретіндіктен және осінің бағыты өзгермейтіндіктен, орбитаның АВС доғасында оның оңтүстік полюсі (S) көлеңкеде қалады да, солтүстік полюсіне (N) жарық түсіп тұрады, ал CDA доғасында – солтүстік полюсі көлеңкеде қалады да, оңтүстік полюсіне жарық түсіп тұрады. Сондықтан полюстерде жарты жыл түн – қараңғылық болады да, жарты жыл күндіз – жарық болады. Солтүстік полюстің түні қыркүйектен наурызға дейін созылады. Жер экваторындағы нүктелер ұзақ уақыт көлеңкеде қала алмайды, олар ретімен жарты тәулік Күн жаққа шығып, жарты тәулік көлеңке жақта болады. Экватор мен полюстер аралығындағы жарты шарларда күн мен түн бірде қысқарып, бірде ұзарып отырады. Бұл жарты шарларда күн мен түн жылына екі-ақ рет A және C нүктелерінде теңеледі. 21 наурыз – күн мен түннің Солтүстік жарты шарда жазғытұры (Оңтүстік жарты шарда – күзгі) теңелу күні. 23 қыркүйек – күн мен түннің Солтүстік жарты шарда күзгі (Оңтүстік жарты шарда – жазғытұры) теңелу күні. B және D нүктелерінде күн тоқырайды. Солтүстік жарты шар үшін 22 маусым – жазғы тоқырау күні, 22 желтоқсан – қысқы тоқырау күні. Астрономиялық тұрғыдан алғанда, орбитаның АВ бөлігі жазғытұрымға, яғни көктемге (20 – 21.3 – 21 – 22.6), ВС – жазға (21 – 22.6 – 23.9), СD – күзге (24.9 – 21 – 22.12). DA – қысқа (21 – 22.12 – 20 – 21.3) сәйкес келеді. Оңтүстік жарты шарда Жыл мезгілдері бұған кері, яғни АВ күзге, BC қысқа, CD – жазғытұрымға, DA жазға сәйкес болады. Астрономиялық Жыл мезгілдерінің ұзақтығы бірдей емес: көктем 92,8 күн, жаз 93,6 күн, күз 89,8 күн, қыс 89 (кібісе жылдары 90) күн. Жылдың бірінші жартысы 186, екінші жартысы 179 (180) күн. Демек, Жер орбитаның АВС бөлігінде шапшаң, CDA бөлігінде баяу қозғалады. Оның орбитадағы орташа жылдамдығы сағатына 108 мың км. Күнделікті тұрмыста наурыз, сәуір, мамыр – жазғытұры айлар, маусым, шілде, тамыз – жаз айлары; қыркүйек, қазан, қараша – күз айлары; желтоқсан, қаңтар, ақпан – қыс айлары болып есептеледі.[1]


«Жыл мезгілдері» Абай жыл мезгілдеріне байланысты табиғат көріністерін суреттеуді дербес жанр етіп калыптастырды. Жылдың төрт мезгілін көркем бейнелейтін «Жазғытұры», «Жаз», «Күз». «Қыс» тағы басқа өлеңдеріңде табиғат суреттері өздерінің бар бояуымен, ақиқат қалпыңда, жаңды күйіңде көрінеді. Ақын табиғат көрінісін сол көздегі қазақ өмірінің тұрмыс тіршілігімен байланыстыра қарастырады.

«Жазғытұры қалмайды қыстың сызы,
Масатыдай құлпырар жердің жүзі.
Жан-жануар, адамзат анталаса,
Ата-анадай елжірер күннің көзі»,

деп басталатын «Жазғытұры» өлеңінде көктемнің жайма-шуақ, жылы лебі есілгендей сезіледі. Өлеңнен мал баққан қазақ аулы тіршілігінің әр алуан көрінісі орын алған. Қазақ халқында жыл басы - наурыз айының «Ұлыстың Ұлы күнінен» басталатыны белгілі. Ақын жазғытұры деп, көктемнің осы кезеңін айтып отыр. «Жаз» өлеңінде адам мен табиғат туралы тақырып өзара ұластырыла, тұтас күйде алынған. Жазғы жайлауға көшіп қонған ауылдың бейнесі табиғаттың ғажайып бояуларымен ұштастырыла суреттелген. Жыл мезгілдерінің жадау да жабырқау, қайыршыдай жұтаң бір кезін суреттеуден басталатын «Күзде» ақын ескі ауыл тіршілігін, кедейлердің сол күз күніндей күйзелген, тоналған тұрмысын бейнелейді.

«Жасыл шөп, бәйшешек жоқ бұрынғыдай,
Жастар күлмес, жүгірмес бала шулай.
Қайыршы шал-кемпірдей тұсі кетіп,
Жапырағынан айрылған ағаш, қурай»

-

деп, табиғаттың реңсіздігін қайыршы шал-кемпірге теңейді. Ақын қыс мезгіліне портреттік сипаттама бере, мінездей келіп, оны жанды адам бейнесінде суреттейді:

«Ақ киімді, денелі, ақ сақалды,
Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды.
Үсті-басы ақ қырау, тұсі суық,
Басқан жері сықырлап келіп қалды».

Ақын табиғат суреттерін адамның әр алуан көңіл күйлері, сыр-сезімдерімен ұштастыра жырлайды. «Желсіз түнде жарық ай» өлеңінде ауылдың жанында гүрілдеп аққан өзен, сәулесі суда дірілдеген жарық ай, жапырақтары сыбдырлай, сыр шерткен тәрізді қалың ағаштар, тау жаңғыртқан ән, манаураған желсіз түн аясында кездесіп, тіл қатпай, үнсіз ұғынысқан екі жас ғажайып сырлы бояумен әсем бейнеленген. Абай жыл мезгілдері жайындағы өлеңдерінде табиғат суреттері арқылы әлеуметтік өмір шындығын терең ашқан.[2]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Қазақ энциклопедиясы
  2. Абай. Энциклопедия. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, «Атамұра» баспасы, ISBN 5-7667-2949-9