Мазмұнға өту

Бес кітап

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
A.
Тора.

Бес кітап, Тора, Таурат — Інжілдің бір бөлігі болып табылатын Көне Өсиеттің алғашқы бес кітабының аты. Бес кітапты еврейлер Тора (яғни, “нұсқау”, “ғаламға жетекші”), мұсылмандар Таурат деп атайды. Оған “Жаратылыстың басталуы”, “Шығу”, “Левит”, “Сандар”, “Екінші заңдастыру” кітаптары (бөлімдері) жатады. Бес кітапты Мұса кітабы деп те атайды, ол осыдан 3300 жылдан астам бұрын, Синай тауында Мұса пайғамбарға уахи келгенде түсірілген кітап болып есептеледі. Зерттеуші ғалымдардың (Ж. Астрюк) болжауынша, Бес кітап б.з.б. 444 ж. шамасында біржола құрастырылып болған. Еврейлердің дәстүрінде Тора деп кең мағынада Бес кітаптың өзін (Танах) және оған түсініктемелерді (Мишна, Талмуд) атайды. Бес кітап жаратылыс туралы, Адам Ата мен Хауа Ана, топан су, көне еврейлердің патриархтары (Ибрагим, Жақып, Ысқақ, Жүсіп, т.б.) жайында әңгімелейді. Сол сияқты онда еврейлердің тарихына қатысты көптеген оқиғалармен қоса (көбінесе, Мұса төңірегінде) яхуди дініне қатысты заңдар мен рәсімдер жазылған. Бес кітаптың негізгі идеясы — жалғыз ғана Құдайға (Яхве, Иегова) сыйынып, дін жолымен жүріп-тұру, еврейлерді Құдай таңдаған халық ретінде уағыздау. Таурат ислам мойындайтын төрт қасиетті кітаптың біреуі ретінде шариғат заңдарының, мұсылмандық дүниетанымның қалыптасуына едәуір ықпал еткен.[1][2]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл, ISBN 5-89800-123-9, II том
  2. Ислам. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2010 ISBN 9965-26-322-1