Мазмұнға өту

Алетта Джейкобс

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Алетта Джейкобс
Aletta Henriëtte Jacobs
Сурет
Туған күні

9 ақпан 1854 (1854-02-09)

Қайтыс болған күні

10 тамыз 1929 (1929-08-10) (75 жас)

Қайтыс болған жері

Барн, Утрехт, Нидерланд

Азаматтығы

 Нидерланд

Қызметі

Дәрігер, Аудармашы, Суфражистші

Жұбайы

Carel Victor Gerritsen


Алетта Джейкобс (дат. Aletta Henriëtta Jacobs, 9 ақпан 1854 - 10 тамыз 1929[1]) — голланд дәрігері, аудармашы және суфражистші. Нидерланд университетін бітірген алғашқы әйел және Нидерландияағы алғашқы әйел-дәрігер.

Алетта Джейкобс 1854 жылы кішкентай голландиялық ауылда дүниеге келген. Отбасындағы 11 баланың сегізіншісі болды [2]. 1867 жылы Алетта бастауыш сынып оқуын сәтті аяқтады, бірақ ол кезде Саппемерде(оның туған жері) қыздар жоғарғы мектепке қабылданбады. Кейін 1867 жылы білімін аяқтап, қолөнер бұйымдарын жасауды үйренді. Ол кезде қыз балалар орта мектепті бітірген соң тек қыздарға арналған пансионда оқу мүмкіндігі болды. Сондай мекемелердің бірінде 2 апта оқыды. Дегенмен бұл Аллеттаға «ақымақтық» және уақытты бос өткізу болып көрінді[3]. Білімін жалғастыру үшін Джейкобс тігінші болып жұмыс істеді және анасы оған француз, неміс тілдерін үйретті.

Алетта оқуды өз бетімен жалғастырып, 1870 жылы емтихан тапсырды. Осының арқасында химиялық зертханада ассистент болып жұмыс істеді. Мұнан кейін ол Нидерланд министрі, либерал Йохан Рудольф Торбекке университетке түсуіне рұқсат беруін сұрап хат жазды. Торбеке Алеттаның әкесі Авраам Джейкобсқа жауап ретінде хат жазып, Гронинген оқуға ресми түрде рұқсат берді. Алетта өзінің білім алу үдерісіне жауапкершілікпен және оптимизммен қарады. 1879 жылы 8 наурызда ол жоғары дәрежелі медициналық білім алған алғашқы голландиялық әйел, бір жылдан соң докторлық дәрежеге ие болған алғашқы әйел болды.

Алеттаның медицинаға қызығушылығы мен сүйіспеншілігі дәрігер әкесінен берілген. Ол қызын өзімен бірге жиі жұмысқа апарған, Алетта болса оның науқастарға көмектескенін бақылаған. Дәл осы жәйттер оны әкесінің жолын қууға шабыттандырды. Сонымен қатар әкесі Алеттаға сол кезде Нидерландыда тек ер адамдардікі саналатын ғылымдарды: латын, грек тілдерін, математика және химия пәндерін оқытты.

Доктор дәрежесін алған соң Алетта докторлық жұмысын үлкен қызығушылықпен бастады. Пациенттермен жиі байланыста болған Алетта олардың күнделікті түрлі кемсітушілікке тап болатынын түсінді. Көп ұзамай әйелдерді кедергісіз сауда саттыққа салу мен жеңгетайлық туралы білді. Науқастарын қорғау үшін оларға жүктіліктен және жыныстық жолмен берілетін аурулардан сақтану үшін контрацепцияларды берді. 14 жыл бойы аптасына бірнеше рет жезөкшелікпен айналысатын әйелдерге, кедейлер мен балаларға ақысыз кеңестер өткізді. Адамдарға гигиена мен бала күтімінің негіздерін үйретті. Сонымен қатар диафрагма(әйелдерге арналған контрацепция) сапасын арттыру үшін жұмыс жасады. Бұл идея қоғамды дүр сілкіндірді және оны өмірге қарсы деп айыптады. Алетта «ең қиыны сынмен, әсіресе Сэм ағамның аузынан шыққан сынмен күресу» деп жазды.

Әйелдердің репродуктивтік және жыныстық құқықтарын қорғау үшін Джейкобс сынға қарамастан, осал жағдайдағы әйелдер үшін тегін клиника ашты. Ол Нидерландыда алғашқы отбасын жоспарлау орталығын құрды. Басқа істерімен қатар Алетта әйелдердің еңбек жағдайларын жақсарту үшін күрескен. Ол кезде Нидерландыда дүкен иелері 10 сағат бойы аяғынан тұруға мәжбүр болды. Бұл әйел денсаулығына зиян тигізді, соның ішінде гинекологиялық проблемаларға әкелді. Алетта әйелдерге үзіліс кезінде демалатын орындықтар берілуін талап етті. Бірнеше ондаған жылдар өткен соң, бұл мәселе заңмен реттелді. Джейкобстың қызметі оған ұлттық одақ мүшелерімен достасуға мүмкіндік берді. Оның көшбасшысы гигиена, бала күтімі және ана туралы дәрістер оқуға арнайы бөлмелер бөлуді ұсынды.

Пациенттермен жұмыс істеу кезінде Алетта көптеген әділетсіздіктердің куәсі болды. Мұның барлығы оны әлеуметтік белсенділікпен және суфражизммен айналысуға алып келді.

Суфражистік қозғалысы және активизм (белсенділік)

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Докторлық дәрежесін алғаннан соң Алетта Лондонға көшті. Мұнда ол репродуктивті құқықтар мен жалпыға бірдей сайлау құқығының белсенділері мен феминистер кездесулеріне бара бастады.

1887 жылы Халықаралық әйелдер альянсына қосылып, суфражизм қозғалысына белсенді түрде қатысып, кейінірек Керри Кэттпен танысты. Кэттпен бірге әйелдерді саяси құқықтар үшін күресте қолдау үшін әлемді шарлады.

Гаагадағы интернационалдық әйелдер кеңесінің отырысы

Алетта басқа елдердің суфражистерімен одақтасып, теңдік идеясын әлемдік деңгейде таратты. Оның еңбегі 1919 жылы голландиялық әйелдер сайлауда жеңіске жеткенде нәтиже берді. Кэттқа жазған хаттарының бірінде: «Құрметті Керри, мен өз өмірімді бекер өткізбегеніме сенімдімін. Біз өз міндетімізді орындадық, келер ұрпаққа әлемді біздікінен жақсырақ күйде тапсырып бара жатырмыз» деп жазды.

Лондондағы Халықаралық әйелдер кеңесінің отырысына қатысқаннан соң(1899) Джейкобс медицинаны тастап, толығымен суфражизмге зейін қоюға шешім қабылдады. Алетта әйелдер құқығы үшін күресуден бөлек бейбітшілікті жақтады және пацифист болды. Алеттаның күйеуі пацифистік қозғалыстың қатысушысы болған.

Бірінші дүниежүзілік соғыстың басында Джейкобс соғысты тоқтату үшін өзінің бүкіл әлемдегі таныстарының кең желісін пайдалануға тырысты. 1915 жылы ол Гаагада Халықаралық әйелдер кеңесінің отырысын ұйымдастырды. Бұл форумға әр елден 1136 әйел қатысты[4] және соғысты тоқтату жолдарын талқылады. Бірнеше шешімдер қабылданып, Бейбітшілік пен бостандық үшін әйелдер халықаралық лигасы құрылды. Гаагадағы кездесуден кейін Алетта әйелдер бастамашыл тобымен бірге Еуропаны аралап, соғысушы елдердің басшыларымен кездесіп, татуласуға ықпал етуге тырысты. 1915 жылы Америка Құрама Штаттарына сапар шегіп, президент Вильсонды халықаралық қақтығысты шешуге көмектесуге көндірудің әрекетін жасады(сәтсіз болса да). Алетта 1929 жылы тамызда қайтыс болғанға дейін теңдік пен бейбітшілік үшін күресті жалғастырды.

Кейінгі өмірі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Джейкобс Амстердамнан Гаагаға 1919 жылы суфражизм бойынша жеңіске жеткеннен кейін көшті. Суфражизм қозғалысынан соң келген халықаралық беделінің арқасында Джейкобстың контрацепция аясындағы жұмысын АҚШ-тағы Маргарет Сангер сынды белсенділер жалғастырды. 1922-1923 ж.ж. Джейкобс Мэри Деннетт құрған ерікті ата-аналар лигасының консультативтік кеңесінде қызмет етті. Келесі жылы ол VPL-нің Нью-Йоркте өткен жыл сайынғы конференциясының құрметті қонағы болды.

Қаражатының көп бөлігін нашар инвестицияға жоғалтқан Джейкобсты оның досы Миен ван Вульфтен Пальте-Бруз ван Гроену қолдады. 1923-1924 ж.ж. ол өзінің өмірбаянын жазу үшін 46 Ван Эрсенстраттағы үйінде жұмыс істеді. Отбасылық достары оны өз үйлеріне тұруға ұсыныс жасағанымен ол одан бас тартты. Өмірбаянын жазуды аяқтаған соң Бруан ван Гроену отбасымен тұрды. Қайтыс болғанға дейін Халықаралық Әйелдер Кеңесі, Халықаралық Әйелдер Альянсы және WILPF конференцияларына қатысты.

Таңдамалы жұмыстары

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]