Триас дәуірі

(Триас кезеңі бетінен бағытталды)

Триас (trіas) (үштік, орталығы Еуропаның геологиялық қимасындағы үш түрлі қабаттың біріктірілуіне байланысты аталған) – мезозой эратемасының ең төменгі тау жыныстары қабаттары және олардың жиылған уақыты (251-199,6 млн жыл). Триас (грек. Ӏгіаз — үштік) — "триас жүйесі" және "триас кезеңі" терминдерінің қысқаша атауы. Жоғарғы палеозойдағы тіршілік иелерінің жаппай қырылуы нәтижесінде триаста көптеген жаңа фауна мен флора элементтері дүниеге келді. Олардың ішінде аммониттер (Ammonoidea), осы күнгі коралдар, әр-түрлі моллюскілер (Mollusca), динозаурлар және кейбір жалаңұрықтылар (Gymnospermae) болған.[1]

Тарихы

өңдеу

Стратиграфиялық шкалада перм кезеңінің соңы мен юра кезеңінің басы болып саналады. Триас жүйесін 1831 жылы “кейпер түзілімдері” деген атаумен бельгиялық ғалым Ж.Омалиус д`Аллуа бөлген. 1834 жылы неміс геологы Ф.Альберти оны “триас” деп атауды ұсынған. Триас жүйесі осыдан 251 млн. жыл бұрын басталып, 199,6 млн. жыл бұрын аяқталып, ұзақтығы 51,4 млн. жылға созылған. Қазақстанда Триас жүйесінің тау жыныстарын алғашқы рет Каспий ойпатындағы Бөгде төбесінде 1774 жылы П.С. Паллас тапқан. Триас жүйесі кезінде Пангея өзінің біртұтастығын сақтап тұрды. Бірақ оңтүстік және Шығыс Африкада, орталығы Үндістанда, Австралияның батысында құрлықішілік жүйесі дамуын жалғастырды. Ортаңғы триас тұсында басталған даму үрдісі кейінгі замандарда үлкен өзгерістерге ұшыраған, мысалы Пангея ҚҚ-ге сыналап кіре бастаған Тетис мұхитының шығанағы кеңейіп, Жерорта теңізінің қиыр батысына жетіп, екі алып құрлық Лавразия мен Гондвананы бөліп жатты. Бұл белдеуде құрамы құбылмалы вулканизм мен плутонизм дамыған. Құрлықтық жағдайлар мен денудация Гондвананың барлық аудандарында басымдық жасап, гондваналық тегістелу бетін қалыптастырған. Құрлықтың басым болуы жөнінен Триас жүйесі – Жер тарихында теңдесі жоқ кезең. Төменгі триас дәуірінде Аппалачта, Мексика шығанағында, Тянь-Шаньда, Кап тауында, Шығыс Австралия және кейбір геосинклиналдық өлкелерде герцин қатпарлануының соңғы дүмпулерінен құрлықта таулы-қыратты, көтеріңкі рельеф басым болды. Климаты өте шөлейт, ыссы болды, сондықтан соңғы және ортаңғы триас дәуірлеріндегі ойыстарда үнемі қызыл түсті шөгінділер, малтатастар, лай-балшықтар шөкті. Ылғалдану сипаты бойынша бастапқы және ортаңғы триаста төрт: экстра аридті немесе шөл, қоңыржай аридті немесе құрғақ шөлейт саванналар, өзгермелі ылғалды және бірқалыпты ылғалды табиғи алқап болды. Төменгі триастың климаты жоғары орташа жылдық температурасымен (Австралияда 21 – 25С, Германияда 25 – 26С, солтүстік Кавказда 24 – 25С, т.б. болған) қатар булану дәрежесінің күрт өсуімен сипатталады. Осыған орай шөл және шөлейт ландшафт аймақтары кеңейген. Мезозой эрасының тіршілік әлемі сан алуан. Теңізде жаңа тұрпатты аммонидейлер, белемноидейлер пайда болды. Брахиоподтардың саны азайды, алты сәулелі маржандар мен теңіз кірпілерінің, теңіз лалагүлдерінің, мшанкілердің, фораминиферлердің жаңа жүйелі топтары пайда болды. Құрлықта бауырымен жорғалаушылар мен динозаврлар айрықша дамыды. Өсімдіктерден жалаңаш тұқымдылар жақсы дамып, мезофитті деп аталатын флора құрады. Пермьнен жеткен жыртқыштар мен котилозаврлар жойылды. Триас жүйесінде кентасты кен орындары аз жаралған. Каспий маңы, Волга-Орал, Хатанга-Таймыр, Вилюй өлкелерінде триастық мұнай мен газ бар. Қоры аз көмір кендері Кавказ сыртында, Шығыс Оралда, оңтүстік, Шығыс Азияда, Қиыр Шығыста кездеседі. Бокситтер Орал сырты, Қостанай облысы мен Орта Азиядан табылды. Сібір траптарымен байланысты исландия шпаты, флогопит, темір, никель-мыс, платина кендері жаралған. Аздаған мысты құмтастар (АҚШ, Маңғыстау) белгілі. Солтүстік Қазақстанда мору қыртысында коалин саздары қалыптасқан. Австралияда алтын, күміс, қорғасын, мырыш, мыс, қалайы кен орындары бар.[2]

Триас жүйесінің бөлімдері

өңдеу

Триас жүйесі 3 бөлімге бөлінеді:

кезең (жүйе) дәуір (бөлім) жіктеме жік қабат (жік қабат) ғасыр (жік қабат)
(Қазақстан)
Триас дәуірі Жоғарғы триас
(Кейпер)
Қарақиян Рэт Аққар
Норий Алатөбе
Карний Ащығара
Орта триас
(Ұлытас)
Лада
Анизий
Төменгі триас
(Скиф)
Верфен Оленек
Үнді

Дереккөздер

өңдеу
  1. Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі: Қ 17 Геология/Жалпы редакциясын басқарған — түсіндірме сөздіктер топтамасын шығару жөніндегі ғылыми-баспа бағдарламасының ғылыми жетекшісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты А.Қ.Құсайышов — Алматы: "Мектеп" баспасы" ЖАҚ , 2003. — 248 бет. ӀSВN 5-7667-8188-1 ӀSВN 9965-16-512-2
  2. «Қазақстан»: Ұлттық энциклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, VIII том